Новости КАЗ

Қор өкілдері Түркістан облысында жөнделіп жатқан жолдардың сапасын бақылады

Олар бұған дейін «Түркістан-Шәуілдір» бағытындағы жолды тексерген болатын. Асфальт жабындысының жұқа әрі тегіс еместігі анықталды. Тиісті акт толтырылды. Осы жолы қор өкілдері «Абай-Шардара» жолын жөндеу жұмыстарында да шикілік бар екеніне көз жеткізді. Жолдың 39-ыншы шақырымынан 68-інші шақырымына дейінгі аралығы тексерілді.

Жөндеу жұмыстары былтыр тамыз айында басталған. Биыл қарашада толық пайдалануға беру жоспарланған. Тапсырыс беруші - Түркістан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Ал жөндеуден өтетін жолдың жалпы ұзындығы - 29 шақырым, ені - 7 метр.

«Жолды нығыздау жұмыстары дұрыс атқарылмаған. Осыған байланысты мониторинг тобының мүшелері акт жасап, мердігер мекемеге ескерту берілді. Оған сәйкес «Шымкентдорстрой» кемшіліктерді түзетуге тиіс. Алдағы уақытта облыс аумағындағы құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатқан барлық автомобиль жолының сапасын тексереміз», - деді қорымыздың Түркістан облысындағы өкілдігінің сарапшы маманы Амангелді Қалыбек.

«Саналы ұлтқа – сапалы жол» – «Әділдік және өркендеу» қорының басты жобаларының бірі. Ол биыл жазда Батыс Қазақстанда бастау алды. Аймақ бойынша республикалық және жергілікті деңгейдегі жүздеген шақырым жол тексеріліп, көптеген олқылық анықталды. Осы тексерістердің қорытындысы Көлік министрлігі мен прокуратураға жолданды. Бұл жоба өзге өңірлерде де жалғасын тапты.