Новости КАЗ

Қордың Жетісу облысындағы белсенділері мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек құқықтары мен қолайлы ортаның қолжетімділігі тақырыбын қозғады

Жетісу облысындағы «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері «Elstar» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Вадим Друзинмен кездесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек құқықтары мен оларға қалалық ортаның қолжетімділігін талқылады. Әңгіме барысында азаматтардың күнделікті өмірде кездесетін проблемаларына басты назар аударылды.

Вадим Друзиннің айтуынша, көптеген кәсіпкер әлі күнге дейін ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтар үшін сауда нүктелерінің қолжетімділігі мәселелерін елемей отыр. Ғимараттардың жанында пандустар жоқ немесе олар мүмкіндігі шектеулі адамдардың қозғалысына бейімделмеген.

«Мен мұндай бизнес иелеріне айыппұл салуды ұсынамын. Пандусты пайдаланатын адам ретінде әлеуметтік қорғау департаментіне өтініш жазуға құқығым бар. Әлеуметтік қорғау департаменті осы өтініш негізінде сауда үйі, медициналық мекеме немесе өзге де құрылысты тексеріп, сол жерде ғимарат иесімен барлық мәселені пысықтайды. Менің ойымша, жобалау және құрылыс кезеңінде бұл тетіктер ескерілуі керек. Неге бұл жұмысты екі рет істеу керек?», - дейді «Elstar» ҚБ басшысы.

Мәселені түпкілікті шешу үшін қоғам қайраткері мүгедектер ұйымдарының өкілдерін Жаңа нысандарды пайдалануға қабылдау жөніндегі комиссияға қосуды ұсынады.

Сонымен қатар Вадим Друзин мүмкіндігі шектеулі жандарға ақысы жоғары жұмыс табудың қиындықтары туралы хабарлады.

«Мүгедектігі бар азаматтар да сапалы өмір сүргісі келеді, жақсы тамақтанып, саяхаттағысы келеді», - дейді ол.

Жұрттың айтуынша, тек Талдықорғанның өзінде 700 мүгедек адам арбамен жүреді, олардың басым бөлігі – балалар мен жастар.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенділері қоғам назарын әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған азаматтардың проблемаларына аударуға ниетті және оларға барлық қажетті көмекті көрсетуге дайын.

Қордың қызметі әрбір қазақстандықтың мүддесіне сай келетін әділ қоғам құруға бағытталған. Ел өңірлерінде «Әділдік және Өркендеу» ұйымының қоғамдық қабылдаулары ашылған, мұндағы мамандар халықпен тікелей жұмыс істейді. Сарапшылар қоғам үшін маңызды проблемаларды көтеріп, оларды шешу жолдарын бірге іздестіреді.