Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының өкілдері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің басшылығымен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Ақмола өңіріндегі белсенділері Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің өкілдерімен кездесіп, Қордың өз алдына қойған басты мақсат-міндеттері жайында баяндады. Сондай-ақ олар ақпан айында қабылданған Үндеу-Манифесті қолдауға шақырды.

Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аманбай Сейтқасымов өз кезегінде Қазақстанда үлкен саяси өзгерістер мен реформалар жүріп жатқанын атап өтті. Ол жаңадан құрылған «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының халықтың мұң-мұқтажын шешу мақсатындағы қозғаған бастамалары өз жемісін беретініне сенім білдірді.

«Елімізде сайлау науқанына байланысты көптеген өзгеріс енгізілді. Қоғамда үлкен саяси сілкініс бар. Халықтың қоғамдық қатынастарға араласуы жиіледі. Кез келген қоғамдық ұйым халықтың игілігіне жұмыс істеп, ортақ іске мұрындық болып жатқаны жақсылықтың нышаны деп ойлаймыз. «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Үндеу-Манифестімен танысып шықтым. Қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек адамының мүддесін қорғау, елдегі болып жатқан саяси реформаларды қолдау сияқты бастамалары көңілімнен шықты», - деді А.Сейтқасымов.
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері Көкшетау университетінің комплаенс-офицері және этика комиссиясының төрағасы Бекнұр Амангелдімен кездесіп, ЖОО қабырғасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мәселесі бойынша пікір алмасты.

Комплаенс-офицердің айтуынша, бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық деректері жастар арасында да кеңінен тараған. Мұндайға жол бермеу үшін жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру аса маңызды.

Ақмола өңіріндегі белсенді Бақыт Смағұл «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында еліміздің барлық аймағында қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып жатқанын хабарлады. Қабылдаулар әлеуметтік желілер арқылы да жүргізілетінін тілге тиек етті.
Белсенділер қазақстандықтарды елдің мықты, әділ және гүлденген болашағын құру үшін Манифестке онлайн қол қоя отырып, Қордың жұмысына қосылуға шақырады.