Новости КАЗ

ҚУАНЫШ КЕРІМҚҰЛОВ: Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуді ұсынамыз

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры 2024 жылғы 29 ақпанда «МӘМС жүйесі: келелі мәселелер мен оларды шешу жолдары» атты Сарапшылық стратегиялық сессия өткізуді жоспарлап отыр, мұнда Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін реформалау бойынша ұсыныстар жария етіледі.

Сессияға шақырылған сарапшылардың бірі, «Сұңқар» медициналық орталығының директоры Қуаныш Керімқұлов, сессиядағы басты ұсыныстардың бірі - ерікті денсаулық сақтау жүйесіне көшу деп санайды. Мұндай тәсіл азаматтардың өз денсаулығын басқару ісіне белсенді қатысуын ынталандырмақ.

Сондай-ақ, сессияға қатысушылар медициналық қызметтерді дербес қаржыландыру идеясын ұсынуды жоспарлап отыр, бұл әр азаматқа медициналық шығындарын бақылауға мүмкіндік береді.

«Президентіміз айтқандай, барлығымыз ерікті денсаулық сақтау жүйесіне көшуіміз қажет. Бұл ретте денсаулық сақтау жүйесін бәсекеге қабілетті ортаға беруден, оның ішінде медициналық қызметтерді қаржыландырудан бастаған жөн. Ақша пациенттің қолында болсын. Пациенттер сенім білдіруге тұрады деп шешкен медициналық ұйымды өздері таңдасын, сонда ғана қоғамдағы наразылық көңіл-күй бәсеңдейді», – деген пікір білдірді Қ.Керімқұлов.

Ұсыныстар сондай ақ, медициналық қызметтердің сапасын арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретіндей етіп, медициналық қызметтердің қаржыландырылуын бәсекеге қабілетті ортаға беруді, денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлықты жойып, ашықтықты арттыру мақсатында азаматтардың медициналық қажеттіліктерге жинайтын қаржысына қатаң бақылау енгізуді және нормативтік құқықтық актілерді қайта қарауды да қамтиды.

«Барлық медициналық сақтандыру компаниялары ішкі бәсекелестіктің нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция салумен айналысатын Қаржы органдарына айналуға мәжбүр болады. Және де бұл инвестициялар олардың компанияларын таңдаған азаматтарға тікелей табыс әкелуі тиіс. Қазақстандықтар үшін ерікті медициналық жүйеге жекелей де, ұжымдық түрде де ақша салу немесе инвестиция жасау тиімді болғаны керек. Бұл өз алдына медициналық сақтандырудың шағын ынтымақты жүйесі болмақ» - деп санайды медициналық орталықтың басшысы.

Бұл дегеніміз қолданыстағы ережелерді жою емес, керісінше азаматтардың, медициналық қызметті жеткізушілердің, ӘМСҚ мен ҚР ДМС-ның (Үкімет) арасындағы қарым-қатынастарды либерализациялаудың бастамасы болып табылады.

Айта кетерлік жәйт, бұдан былай МӘМС-тің кез келген қатысушысы жүйедегі төленбей қалған бір ай үшін де жүйеден шығарылуы және медициналық қызмет алу құқығынан айырылуы мүмкін. Ресми деректерге сүйенсек, 3 миллионға жуық «сақтандырылмаған» қазақстандықтар жүйеден тыс қалып отыр.