Новости КАЗ

Қор мемлекеттік мектептердегі тамақ сапасына ата-аналардың көңілі қаншалықты толатынын анықтау үшін әлеуметтік мониторинг өткізді

14 қазан - 6 қараша аралығында мониторингке 9 962 ата-ана қатысып, тамақ түрлілігі, азық-түліктің балғындығы, асхананың тазалығына байланысты сауалдарға жауап берді. Мектеп мәзірін жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын жасады.

Мониторинг қатысушылары – мемлекеттік мектептерде білім алатын балалардың ата-анасы. Бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының үлесі – 53%, орта буын оқушыларының ата-аналары 27%, жоғары сынып оқушыларының ата-аналары – 5%. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 15 проценті бастауыш сынып та да, жоғары сыныпта оқитын бірнеше баланың ата-анасы.

Мониторингке қатысқандардың 85%-ының балалары күн сайын мектеп асханасында ыстық тамақ ішеді (таңғы ас немесе түскі ас, кейбірі екі рет тамақтанады).

Бала есейген сайын мектеп асханасында сирек тамақтанады (бастауыш сыныптағы балалардың 95%-ынан астамы күн сайын мектепте тамақтанса, орта буында бұл көрсеткіш 63%, жоғары сыныпқа көшкенде шамамен 59%).

Мониторингке қатысушылардың құрамы мемлекеттік мектептердің оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесіне қатысты анық, шынайы мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Бұл мониторинг мемлекеттік мектептердегі тамақ сапасына қатысты мәселе өзекті екенін көрсетті. Өйткені бұл дені сау ұлт қалыптастырудың маңызды тұсы (мониторингке қатысушылардың 55 процентінен астамы бала денсаулығына мектептегі тамақтың тікелей әсері бар деп санайды. Ал 25%-і ондай байланысты байқамаған).

Сауалнама баланың мектептегі тамағының сапасын қадағалауға негізінен анасы жауапты екені көрсетіп отыр (мониторингке қатысқандардың 96%-і – әйел).

Балалардың мектептегі тамағына қатысушылардың жартысынан көбінің көңілі толады (45%-і жақсы деп санайды, 8%-і өте жақсы деп бағалады).

25 пайызы қанағаттанарлық десе, 10%-ы өте нашар деп отыр. 12% «нақты жауабым жоқ» деген нұсқаны таңдады.

Баласы қала мектебінде оқитын ата-аналардың тамақ сапасына көңілі толу көрсеткіші төменірек. Ауыл мектептеріндегі балалардың ата-аналарының 60%-і тамақ сапасын жақсы және өте жақсы деп бағаласа, қала мектептерінде бұл көрсеткіш – 37%. Сондай-ақ қалалық ата-аналардың 17 проценті мектеп тамағын нашар және өте нашар деп есептейді. Ал ауылдарда бұл көрсеткіш – 7%.

Мектеп тамағына ата-аналардың көңілі толмауының негізгі себептері:

  • Мәзірдің біркелкілігі: 33% қатысушы мәзірде әр түрлі асты таңдау мүмкіндігі жоқ, үнемі біркелкі деп санайды;

  • Азық-түліктің балғындығы: ата-аналардың 27%‑і тамақ балғындығына қатысты проблема бар деп есептейді;

  • Порция мөлшері: 22%-і порция аз деген нұсқаны таңдаған.

Бала есейген сайын мектеп тамағына көңілі толмайтын ата-аналардың саны да артады. Бұл, ең алдымен, порция мөлшеріне қатысты. 1-4 сынып оқушылары ата-аналарының 17%‑інің, 5-11 сынып оқушылары ата-аналарының 31%‑інің порция мөлшеріне көңілі толмай отыр. Бұл бала өсе келе мектептегі тамаққа тоймайды деген сөз (тамақтану нормативтерінде балаға қажетті ас мөлшерінің жыл сайын артатыны ескерілмеген).

Айта кетерлік жайт, ата-аналардың 30%-і мектеп асханаларының санитарлық жағдайына қатысты сауалға нақты жауап бере алмайтынын белгілеген (бұл уақыт тапшылығына және ата-аналардың асхананы тексере алмауына байланысты болуы мүмкін). Сондықтан бұл мәселеде жағдайды анық бағалауға мүмкіндік болмай тұр.

Мектептердегі тамақ сапасы мәселесі толықтай шешілді деп айту қиын. Мониторинг ата-аналардың белсенділігі осы проблеманы шешуге жол ашатынын көрсетті. Олардың 35%-і мектептегі тамақ сапасын қоғамдық бақылауға қатысуға дайын. Әсіресе, бастауыш сынып ата-аналарының ынтасы жоғары - 40%.