Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Жетісудағы белсенділері ТКШ өкілдерімен кездесіп, қордаланған мәселелерді талқылады

Жетісу облысындағы «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ филиалының белсенділері ПИК, МИБ және қарапайым серіктестіктердің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиналысқа қатысушылар тұрғын үй-коммуналдық сектор мамандарының еңбекақысы мен еңбек жағдайы мәселелерін талқылады.

Басқосуда тазалық мамандарының жалақысы елде белгіленген ең төменгі еңбекақы көрсеткішіне сәйкес келмейтіні белгілі болды. Кейбір қызметкерлер көпқабатты үйлердің үлкен аумақтарын тазалап, айына 20 мың теңге алады. 3-4 үйге қызмет көрсететін аула тазалаушылары да бар, олардың табысы 60- 80 мың теңгені құрайды.

ПИК өкілдерінің айтуынша, тазалаушылардың жұмысы ауыр болғанымен, олардың жұмысы тиісінше бағаланбай отыр. ПИК қызметкерлерінің табысы толығымен тұрғын үй иелерінің адалдығы мен жауапкершілігіне байланысты.

«Егер тұрғындар коммуналдық қызметтерді уақытында төлемесе, онда тазалық мамандары жалақысыз қалады, қоқысты шығару үшін төлейтін қаражат та болмайды. Мемлекет ПИК тазалаушыларының еңбекақысын қаржыландыру және жұмысқа орналастыру мәселелерін шешіп, қаладағы көпқабатты үйлердің жай - күйіне назар аударуы тиіс деп ойлаймын», - дейді Талдықорған ПИК-нің қызметкері Гүлнар Әнуарбекқызы.

Бұл ретте ол ПИК жосықсыз тұрғын үй иелерін сотқа беру керек деп санайды. Ал, бұл процесс қомақты қаражатты талап етеді. Алайда сот шешімді әрдайым ПИК-нің пайдасына қабылдай бермейді.

Әріптесін «АЛЬЯНС-М» ЖШС директоры Марина Дудченко да қолдап отыр.

«Мемлекет тазалық мамандары мен техниктердің еңбегіне ақы төлеу үшін қосымша көмек беру керек. Неліктен? Өйткені адамдар өте аз жалақы алады. Мысалы, біздің аула сыпырушы Рахат Құндақпаев 4 үйге қызмет көрсетеді, ал оның айлығы 60 мың теңгеден аспайды. Қазіргі бағаларды ескерсек, бұл ақша еш нәрсеге жетпейді. Біздің қызметкерлерімізге қосымша ақы төлеу мүмкіндігін берген жөн», - деп есептейді ТКШ секторының өкілі.

Кездесу соңында қоғам белсенділері айтылған мәселелерді бақылауға алып, оларды шешу жолдарын әзірлеуге келісті. Кейін бұл ұсыныстар жауапты мемлекеттік органдарға жеткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, ел өңірлеріндегі «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ өкілдері азаматтардың өзекті мәселелерін анықтау және оларды шешу жолдарын бірлесіп әзірлеу үшін еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде.