Новости КАЗ

Еңбек шарты жоқ қызметкер өз құқығын қалай қорғай алады – Қор заңгерінің кеңесі

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорына еңбек дауына қатысты түрлі шағым түсіп жатыр. Басты мәселенің бірі – еңбек шартының жоқтығы.

Қор заңгері Самира Тайтенованың айтуынша, жұмыс беруші қызметкермен еңбек шартын жасасуға міндетті. Еңбек кодексінің 23-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында осылай деп анық жазылған. Еңбек шартына қол қойылған соң ғана жұмысқа кірісу керек. Алайда жұмыс берушілердің көбі, әсіресе, шағын бизнестегілер бұл талапты орындауға құлшыныс танытып отырған жоқ.

Еңбек шартын жасау неге маңызды?

Еңбек шарты, ең алдымен, сіздің жұмыс орнындағы қауіпсіздігіңіздің кепілі.

Қолында еңбек шарты бар жұмыскердің құқығы:

  • тынығуға, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын алуға;

  • қызметтік міндетін орындауға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;

  • еңбек өтілінің есептелуіне және зейнетақы төлемін алуға;

  • уақытылы және толық көлемде жалақы алуға құқығы бар.

Еңбек шарт болмаса да, заң осы құқықтарға кепілдік береді. Алайда жұмыс істегеніңізді дәлелдеу оңай болмайды. Шарт болмаса:

  • Жалақыны уақытылы және толық көлемде ала алмауыңыз мүмкін;

  • еңбек демалысы мен ауырып қалған күндеріңіз төленбеуі мүмкін;

  • жұмыс барысында денсаулыңызға келтірілген зиян өтелмеуі мүмкін

  • әлеуметтік және зейнетақы төлемдерінен қағылуыңыз ғажап емес.

Еңбек шарты болмаса не істеу керек?

Жұмыс істегеніңізді дәлелдейтін фактілерді жинақтаңыз. Мәселен:

  • жұмыс істеуге рұқсат беру туралы нұсқаулықтар мен құжаттардағы жазбалар (қол қойған соң осы құжаттарды суретке түсіріп алыңыз);
  • жұмыс үшін қажетті құрал-жабдықты тапсыру актілері;
  • әріптестеріңіз куә бола алады;
  • жұмыс орнындағы бейнебақылау камераларының жазбасы (жұмысқа қатысты тапсырмалар).

Ал егер жұмыс істеп жүрсеңіз, бірақ ешкім сізбен еңбек шартын жасасуға асықпаса, жұмыс берушіге өтініш жазып, шарт жасасуын талап етіңіз. Сол құжаттың көшірмесі мен нөмірін сақтап алыңыз.

Егер келісімшарт болмаса, қайда жүгіну керек:

  1. Тексеріс жүргізуді сұрап еңбек инспекциясына хабарласу керек;
  2. Еңбек қатынасын растау үшін сотқа арыздану қажет

Арыз толтыру қиын болса, қолдау қажет болса, «Әділдік және өркендеу» қорына хабарласыңыз. Біз сізге көмек көрсетуге дайынбыз.

Байланыс: +7 778 978 0212 немесе adil.enbek@gmail.com.
2024-10-18 16:55