Новости КАЗ

Жұмысшы Плетнёвтың мәселесі: ұқсас жағдайға тап болғандар Қор көмегіне жүгіне алады

Жұмысшы Плетнёвтың мәселесі: ұқсас жағдайға тап болғандар Қор көмегіне жүгіне алады

Әділдік іздеп жүрген жұмысшы Никита Плетнёв жазда біздің қордың көмегіне жүгінді. Ол Ақмола облысы Талапкер ауылында газ құбырының құрылысына тартылған. Бірақ жұмыс беруші Дәурен Рамазановтың сөзіне сеніп, еңбек шартын жасаспаған. Енді Плетнев еңбекақысын толық ала алмай жүр.

Ол «Әділдік және өркендеу» қоры заңгерінің көмегімен еңбек инспекция, прокуратура тіпті мемлекеттік кірістер департаментіне арыз жолдады. Өйткені заң жүзінде еңбек шартын жасаспайтын жұмыс беруші салықтан да жалтарып жүр.

Плетнев мемлекеттік органдардан жұмысшы мүддесін қорғауды талап етіп отыр. Бұл үшін, ең алдымен, Плетневтың жалақысын толық алуына мүмкіндік жас ап, жұмыс берушіге жаза қолдану қажет.

Қор көмегіне жүгінген жұмысшы өзімен бірге бригадада тағы 6 адам болғанын айтады. Біреуінде де еңбек шарты болмаған.

– Маусымдық жұмыс кезінде еңбек шартсыз,ауызша келісім жасау әдетке айналған. Бірінші кезекте, жұмысшы өз құқығын қорғап, еңбек қатынасын заң жүзінде рәсімдеуге тиіс. Әдетте жұмысшылар жұмыс берушіге мұндай талап қоймайды. Бірақ қалай дегенмен жұмысшы өзінің мүддесін қорғай алады. Бұл үшін әріптестері бірге жұмыс істегенін растауы керек. Бұған қоса, жұмыс беруші жіберген ақша аударымдары мен видеоларды сақтап отыру қажет. Егер жұмысшы сотқа жүгінсе, сот осы дәлелдерді қабылдайды, – дейді «Әділдік және өркендеу» заңгері Дархан Құлжамбеков.

Өкініштісі, мемлекеттік органдар Никита Плетневқа көмек ұсына алмады. Прокуратура мен мемлекеттік кірістер департаменті еңбек инспекциясына сілтеді. Ал инспекция қазір ішкі реорганизация жүріп жатқандықтан, бұл мәселемен айналысатын маман жоқтығын хабарлады. Олар сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр. Бұл да Плетнев үшін мәселенің шешімі бола алмайды. Өйткені ол жұмыс беруші компанияның нақты атауын білмейді.

Қоғамдық қорымыз Плетнев мәселесінің шешімін іздеп жатыр. Егер қолыңызда еңбек шартыңыз болмаса, жалақы мен зейнетақы төлемдерінен қағылсаңыз, сіз де Қорға хабарласа аласыз What’sApp +7 771 044 0909.

«Әділдік және өркендеу» еңбек дауы бойынша тегін заңгер көмегін ұсынады.