«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық Қорының аймақтардағы өкілдері белсенді жұмыс атқарып жатыр. Олар әр облыс тұрғындарын ұйым жариялаған Манифестпен таныстырып, оны қолдауға шақырады. Осындай азаматтардың бірі – Қордың Маңғыстау өңіріндегі белсендісі Нұрбол Қонжар. Журналист болып қызмет атқаратын ол күнделікті кездесулер барысында құжаттың мән-жайын түсіндіріп, Қордың мақсат-міндеттері жайлы баяндайды. Сол арқылы облыс тұрғындарының арасында «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық Қорының қызметіне қолдау білдірушілер саны күннен-күнге артып отыр. Мәселен, жақында ғана Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Айнұр Қобланова Үндеу-Манифестін қолдап, Қоғамдық Қордың жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ұйым жұмысымен танысқандар қатарында қоғам белсендісі, «Антикор еріктілер» тобының мүшесі, «Күн жарығы» коалициясының сарапшысы, «Маңғыстау-Руханият» қоғамдық қорының мүшесі Нұрлыбек Жалғасбай, «Қазақстан Халық Партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ранида Балжанова, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрметті ардагері, Ақтау қаласының Құрметті азаматы, «EcoJer» қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы Қажымұрат Хайрушев, кәсіпқой боксшы Ділшат Нұрым, еркін күрестен аға жаттықтырушы, сумо күресінен Әлем чемпионатының қола медаль иегері Сүйеніш Худибаев, «Каспий» футбол клубының директоры Нұржан Жалғасбаев, «Біз адамдар - біз біргеміз» қайырымдылық қорының директоры Иманғазы Досмұхамбетов, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат, «Әділдік жолы» РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Асқар Жақсыбаев сынды тұлғалар бар.
Айта кетерлігі, Маңғыстау аймағында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі әлеуметтік желі парақшаларында жарияланып жатыр. Соның арқасында Қор қызметі мен Үндеу-Манифесті насихаттау кеңінен жүргізілуде.
Сонымен қатар өңір белсендісі Нұрбол Қонжар жеке тұлғалармен ғана кездесіп қоймай, өндірістік өнеркәсіп, түрлі ұйым ұжымдарымен үлкен жиындар өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта солардың бірінде қоғамдық қабылдау жүргізу көзделген. Мұнда аймақ тұрғындарының көкейтесті мәселелері ортаға салынбақ.
Белсенділер қазақстандықтарды елдің мықты, әділ және гүлденген болашағын құру үшін Манифестке онлайн қол қоя отырып, Қордың жұмысына қосылуға шақырады.