Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры адвокаттар алқасымен бірлесіп жұмыс істейді

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Түркістан облысы бойынша өкілдігінде облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Қамбаровпен кездесу өтті. Басқосуға Қордың Астана қалалық өкілдігінің жетекшісі Ләззат Ахатова, Қордың Түркістан облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі Әдемау Толысбаева мен заңгер-маман Амангелді Қалыбек қатысты.

Жиын барысында «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Түркістан облыстық өкілдігі мен облыстық адвокаттар алқасы арасында меморандум жасасу мәселесі талқыланды. Бұл құжат негізінде алдағы уақытта бірлесіп, азаматтарға қоғамдық қабылдаулар өткізу, еңбек адамдары мен түрлі өндіріс орындарының қызметкерлеріне тегін құқықтық кеңестер беру, жалпы халықты құқықтық ағарту бағытында іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ семинар-форумдар ұйымдастырылмақ.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ қоғамдық қабылдаулары қысқа мерзімде өз жұмысының жоғары тиімділігін көрсеткенін атап өту керек.

Тек Түркістан облысындағы кеңсеге 200-ге жуық тұрғын жүгініп, заң тұрғысынан консультация алды. Қазірдің өзінде мұндай қабылдаулар Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Ақтөбе қалаларында ашылған. Алдағы уақытта Қор бұл бағыттағы жұмысын жалғастырмақ.