Новости КАЗ

Әріптестіктің негізі – жұмысшы мүддесі

Әріптестіктің негізі – жұмысшы мүддесі

«Әділдік және өркендеу» қорының Оралдағы өкілдігі мен «Батыс Қазақстан құрылыс материалдарының корпорациясы» АҚ жұмыскерлердің құқығын бірлесе қорғауға келісті.

Зауытта 400-ден астам адам жұмыс істейді. Рамазан Нұрәлиевтің мұнда қызмет етіп жүргеніне 37 жыл болған. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, бас директордың орынбасары лауазымына дейін жетті.

Қазір кәсіпорын үшін қысылтаяң кез – тапсырыс жоқ, дейді ол. Өйткені мемлекеттік тапсырыс беруші жобалық-сметалық құжаттарды қабылдаған кезде жергілікті өндірушілердің мүддесін ескермейді.

«Соңғы уақытта мемлекеттік тендерге қатыспайтын болдық. Облыстық құрылыс басқармасы шлакобетон мен қызыл кірпішті қолдану қарастырылған дайын жобалық-сметалық құжаттарды пайдаланады. Құжатта жергілікті өндірушілердің өнімі көрсетілмеген. Сондықтан құрылыс материалдарын басқа өңірлерден, тіпті көрші елдерден алады. Ал біздің өңірде салық түсімі азайып, жұмыс орны қысқарып жатыр», – дейді Рамазан Нұрәлиев.

Қор өкілдігі мен зауыт басшылығы кәсіпорында еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша қоғамдық бақылау ұйымдастыруға келісті. Еңбек заңнамасы бұзылса, қор белсенділері жұмысшыларға заңгерлік қолдау көрсетіп, зауыт басшылығымен бірге мәселені шешуге көмектеседі.