Новости КАЗ

«Ақ ниет» ҮЕҰ «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Манифестін қолдайды

Еліміздің Ата заңына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қорғалуы тиіс. Олар оңалту, қоғамға интеграциялану және әлеуметтік инфрақұрылымға қол жеткізуге құқылы. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдардың мүдделері толыққанды қамтамасыз етіліп жатқан жоқ.

Атырау қаласындағы «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігі тағдырдың тауқыметіне ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделу мәселелерін шешуді қолға алып отыр. Ұйым мүшелері бұл азаматтарға құқықтық кеңестер беріп, демеушілердің қолдауымен түрлі іс-шара ұйымдастырады.

Бірлестік басшысы Асхат Карин «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ қазақстандықтарға арналған Манифест - үндеуімен танысып шығып, құжатта көрсетілген қағидалардың өз мақсаттарымен тұспа-тұс келетініне көз жеткізді.

Әсіресе, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, кірістерді бөлудегі әлеуметтік әділдік, заң алдындағы теңдік, барлығына бірдей мүмкіндік беру, әр азаматтың қадір - қасиетін құрметтеу және қорғау, олардың маңызды шешім қабылдауға қатысуы сынды тетіктер бірлестік мүшелерінің көңілінен шығып отыр.

Осы орайда «Ақ ниет» ұйымының өкілдері «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Манифест – үндеуін толық қолдайтынын айтты.

«Біз Атырау өңіріндегі «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының өкілдігімен ынтымақтасуға дайынбыз. Ұйымның Манифест-үндеуінде көрсетілген қағидалар адамдар мен олардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын көріп отырмыз. Сол себепті біз бұл құжатты қолдап, оған қол қоямыз», – деді Асхат Карин.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының мақсаты әрбір қазақстандықтың мүддесіне сай келетін әділ қоғам құруға бағытталған. adildik.org.kz сілтемесі арқылы Қор жақтастарының қатарына қосылып, Манифест-үндеуге онлайн қол қоюға болады.
2024-05-02 17:33