Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Қызылорда өңіріндегі өкілдері шаруаларға құқықтық көмек көрсетіп жатыр

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Қызылорда өңіріндегі белсенділері жергілікті шаруаларға құқықтық көмек көрсетуге дайын. Іңкәрдария ауылының «Мүлкүлан-Баба» шаруа қожалығы иесі Абдразақ Байманов қабылдауға келіп, фермерлердің проблемаларын жеткізді. Сондай-ақ ол жер телімдерін иелену мәселелері бойынша орын алған дау, егін суарылатын есепте жоқ каналдар, жалпы шаруа қожалықтарының құқығын қорғау бағытындағы ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Абдразақ Байманов Қор өкілдерін ауылдағы шаруа қожалық иелері және жұмысшыларымен кездесу өткізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Ол ұйым жақтасы қатарына қосылып, ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігімен бөлісіп отыратындығын атап өтті. Қабылдауды өткізген белсенділер айтылған түйіткілдерді назарға алып, барынша қолдау көрсететіндігін хабарлады.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Манифест-үндеуінде «Біз еңбек адамына лайықты құрмет көрсетуді, жұмыскердің қабілеті мен ортақ іске қосқан үлесіне сай еңбекақы төлеуді, жұмысқа қолайлы жағдай жасауды, жұмыс орынында қауіпсіздікке кепілдік беруді қолдаймыз. Еңбек адамы – ел өркендеуінің негізі және олардың құқығы қатаң қорғалуы қажет»,- делінген. Қоғамдық қор осы бағыттағы шаралардың бастамашысы болып, жұмысшылардың құқықтарының қорғалуы бағытында заңгерлердің онлайн кеңестерін ұйымдастыруда, әр аймақтан қоғамдық қабылдаулар ашылып, тұрақты жұмыс жасауда»,-деді облыстағы ұйым белсенділері.

Айта кетерлігі, Қызылорда аймағындағы Қор өкілдері мамыр айында «Маусымдық жұмысшылардың құқығын қорғау» тақырыбында сараптамалық сессия ұйымдастырылған болатын. Алдағы уақытта қоғамдық ұйымның заңгерлері онлайн кеңестер ұйымдастырып, тегін құқықтық жәрдем беретін болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ еліміздің бірнеше өңірінде қоғамдық қабылдаулар ашып, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Мұнда әр адам өзін алаңдататын проблемаларымен келіп, көмек ала алады.