Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» шығысқазақстандық орманшылар мен қорықшыларға еңбек құқықтарын қорғауға көмектеседі

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының белсенділері Шығыс Қазақстан облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі салалық кәсіподағының қызметкерлері үшін еңбек құқықтарына қатысты семинарлар мен конференциялар өткізеді. Бұл Өскемендегі екі қоғамдық бірлестіктің өкілдері қол қойған ынтымақтастық туралы меморандумның бір тармағы.

Кәсіби бірлестікте екі мыңнан астам қызметкер бар.

- Орман шаруашылығы сияқты күрделі салада жұмысшылардың құқығын қорғау біздің ортақ мүддеміз. Еңбекақы, еңбек қауіпсіздігі секілді мәселелер үйлесімді іс – қимылды талап етеді. Бұл ретте біз бірлесе отырып оң өзгерістерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, - дейді салалық кәсіподақ басшысы Бақытжан Мұңусова.

- Шығыс Қазақстан-орман ресурстарына бай аймақ. Осы салада жұмыс істейтін жұмысшыларды біріктіретін кәсіподақпен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Қордың міндеті - еңбек құқықтарын қорғау. Қор заңгерлерінің тәжірибесі мол, жұмысшылардың нақты мәселелерін шешу, өндірістік саладағы түрлі дағдарыстық жағдайларда көмек көрсету арқылы өз біліктілігін үнемі арттырып отырады. Сондықтан, олар өз білімімен бөлісуге және кәсіподақпен бірлесіп еңбек құқықтарын қорғауға көмектесуге дайын, - деп атап өтті «Әділдік және өркендеу» ШҚО өкілдігінің жетекшісі Сергей Елагин.

Қоғамдық қор мен жергілікті кәсіподақтар арасында мұндай меморандумдар еліміздің оншақты аймағында түзілді. Ынтымақтастық қос тарапқа да теңдей тиімді. «Әділдік және өркендеу» мен кәсіподақтарды ортақ мақсат біріктіреді, ол – еңбек адамының мүддесін қорғау. Қордың қатары мүдделес жандармен толығып, кәсіподақ мүшелерімен тікелей араласып, пікір алмасатын болды. Ал, кәсіподақтар осылайша еліміздің барлық аймағында өз өкілдігі бар қоғамдық қордың қолдауын сезіне алады.


2024-11-28 15:59