Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» қоры Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатты түбегейлі зерттеуді талап етеді

«Әділдік және өркендеу» қоры Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатты түбегейлізерттеуді талап етеді

«Әділдік және өркендеу» белсенділері Қарағандыда YDD ферроқорытпа зауытындағыахуалдың қоғамдық мониторингін жүзеге асырып отыр. 20 шілдеде зауытта пештен өрт шығып, 8 жұмысшы жарақат алған болатын.

«Оқиға болған кезде жұмысшылар қауіпсіздік техникасына сай қорғалды ма, жоқ па соны білгіміз келеді. Отқа төзімді киім, аяқкиім, баскиім, маска сынды жеке қорғаныс құралдары болды ма? Тағы бір мәселе – жұмысшыларға қалай көмек көрсетіліп, құқықтары қалай қорғалады? Біз зардап шеккендер мен олардың отбасына құқықтық қолдау ұсынамыз. Біз белсенділер ретінде жағдайды жіті назарда ұстап отырмыз. Зауытта 900-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар да мұндай апаттың қайталануынан қорғалуға тиіс», – деп мәлімдеді «Әділдік Және Өркендеу» қоғамдық қорының Қарағанды бойынша филиалының жетекшісі Төлеутай Естекбаев.

Қор белсенділері металлургиялық өндіріс басшылығынан да осы сауалдардың жауабынкүтеді. Бұл жағдайда жариялылық пен ашықтық диалогтың кепілі бола алады. ҚР ҚК 156-бабы 2-бөлігі «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі.

22 шілдедегі ақпарат бойынша Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада ферроқорытпа зауытының 8 жұмысшысы ауыр хәлде жатыр. Қарағандылық, астаналық, ресейлік дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалуға тырысуда.

«Жазатайым оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін мемлекеттік арнайы комиссия құрылды. Мамандар төтенше оқиға орнын тексеріп, куәлардан жауап алып, техникалық құжаттармен танысып жатыр», – деді облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың жетекшісі Мұрат Қаракекілов.

«Әділдік және өркендеу» қорының белсенділері оқиғаны 10 күн ішінде қарастыратын комиссия жұмысының қорытындысы ашық жарияланады деп үміттеніп отыр.