Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры жол құрылысы мен сапасына қатысты ауқымды сауалнама жүргізеді

"Әділдік және өркендеу" 29 қазан – 12 қараша аралығында ел тұрғындары арасында онлайн-сауалнама жүргізеді. Осылайша қор, қазақстандықтардың жол сапасына қаншалықты көңілі толатынын немесе керісінше, жол азабын қанша қазақстандықтың тартып жүргенін анықтауға тырысады.

Сіз тұратын елді мекендегі жолдың жай-күйі қандай? Жолдың сапасына не әсер етеді? Респонденттер осындай сауалдарға жауап береді.

Сауалнама нәтижесінде жол құрылысы мен сапасын жақсарту бойынша үкіметке ұсыным әзірленеді. Әлеуметтік мониторинг қорытындысы Көлік министрлігіне және өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға жолданады. Нәтижесі БАҚ-та жарияланады.

Былтыр Қор жолдардың сапасына қоғамдық бақылау орнату үшін «Саналы ұлтқа – сапалы жол» жобасын жүзеге асыра бастаған. Оның шеңберінде қор белсенділері облыстық және республикалық маңызға ие жолдардың қалай салынып жатқанын, құрылыс сапасын үнемі тексереді. Биыл маусым-қыркүйек айларында сарапшы Азамат Мусилов бастаған мониторинг тобы жалпы ұзындығы 7 200 шақырым болатын 10 жол уческесінде болды. Бірінші кезекте, биыл көктемде су тасқыны шайған жолдардың қалпына келтірілуі тексерілді. Жөнделіп жатқан, жаңа төселген жолдарға мониторинг жүргізілді. Жоба Батыс Қазақстанда басталып, Жетісу, Абай және Түркістан облыстарында жалғасты.

«Әділдік және өркендеу» қоры бұл мәселеге бейжай қарамай, жол сапасын жақсартқысы келетін әрбір қазақстандықты сілтеме бойынша сауалнамаға қатысуға шақырады. Жауап бергендердің жеке деректері жарияланбайды.