Новости КАЗ

Сырқаттанып жұмысқа шыға алмасаңыз, не істеу керек – заңгер кеңесі

Ауырып қалсаңыз, алдымен жұмыс берушіге хабарласыңыз. Дәл сол күні дәрігерге барып, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алыңыз, дейді «Әділдік және өркендеу» қорының заңгері Самира Тайтенова.

Сол парақта көрсетілген күндер үшін ғана ақы төленеді.

«Мысалы, дәрігер қабылдауында болғаныңызды растайтын анықтама еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алмастыра алмайды. Дәрігерге жұмыс уақытынан соң барсаңыз, парақты келесі күннен бастап рәсімдеуін сұраңыз. Құжатты алған соң міндетті түрде аты-жөніңіз, жұмыс орныңыз бен медициналық мекеменің мөрі дұрыс екеніне көз жеткізіңіз. Қате болса, жұмыс беруші парақты қабылдамауы мүмкін», - дейді заңгер.

Еңбек демалысы кезінде ауырып қалсаңыз...

– Өз жоспарыңызды өзгертуге асықпаңыз. Жұмыс берушіге ауырып қалғаныңызды ескертіп, демалыс уақытын ауыстыруды сұраңыз. Демалыстан қалған күндерді кейінірек алуға болады. Келесі жылдың демалысына қосылуы да мүмкін. Бұл Еңбек кодексінің 94-бабы 2-тармағында көрсетілген.

Еңбек дауына қатысты сауалыңыз бен шағымыңыз болса,, «Әділдік және өркендеу» қорына хабарласыңыз. Біз сізге көмек көрсетуге дайынбыз.

Байланыс: +7 778 978 0212 немесе adil.enbek@gmail.com.
2024-11-25 15:52