Новости КАЗ

«Әділдік және өркендеу» Қорының жақтасы қаржылық сауаттылық курсын өткізу жобасын қолға алды

Қордың Жамбыл өңіріндегі жақтасы Азамат Намелбек жастарға арналған қаржылық сауаттылық курсын өткізуді бастамақшы. Бұл жоба аясында мектеп, колледждер мен жоғары оқу орындарында семинарлар өткізу жоспарланған. Оның басты мақсаты - қоғамдағы қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру.

Курсты жүргізетін спикерлер қаржы заңнамасы, бюджетті жоспарлау, оны басқару, несиелер, депозиттер, сақтандыру туралы өзекті ақпаратпен бөліседі. Сондай-ақ девальвация мен инфляция, банктер мен сақтандыру компаниялары туралы мәлімет береді. Тұрғындар капиталды жинақтау мен ұлғайтуға бағытталған түрлі қаржы құралын меңгереді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тұтынушылық несиелендірумен байланысты тәуекелдерге ерекше тоқталып өтті. Халыққа шектеусіз несие беру ауыр әлеуметтік салдарға әкеп соқтыруы мүмкін.

«Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қоры «құлақ асатын мемлекет» қағидасының арқасында азаматтардың шешім қабылдауға ықпалы өте маңызды екеніне назар аударады. Әрбір азаматтың құқығын ескеретін әділетті қоғам құру үшін билік ашық болуы керек, халықтың мұң-мұқтажын естіп, біліп отыруы қажет.
«Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін құқықтық және қаржылай сауатты болу маңызды. Бұл - ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі. «Әділдік және өркендеу» Қорының жақтасы ретінде мен осы түйіктілге бет бұрып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жобаларды жүйелі негізде іске асыруды жоспарлап отырмын»,-деді Азамат Намелбек.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды біріктіреді. Қордың жақтастары мемлекет өміріне барынша белсене қатысады, олар тең құқықтар үшін күресіп, еңбек адамдарының мүдделерін қорғайды, әділ қоғам құрып, Қазақстанның өркендеуіне ұмтылады.

Қоғамдық ұйым қызметінің басым бағыттары Манифест – үндеуде қамтылған. Қордың құндылықтарын қолдайтын кез келген адам құжатқа онлайн қол қою арқылы оның жақтастарының қатарына қосыла алады.
2024-07-05 16:47