Новости КАЗ

Қор комиссиясы: Кәсіподақ жұмысшының емес, кәсіпорын иелерінің мүддесін қорғап жүр

«Әділдік және өркендеу» қорының еңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссияның мүшелері өңірлерді аралап, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы кәсіпорындарды тексерді. Комиссия мүшесі Шәмші Хамзе жұмысшы құқығын қорғап, қауіпсіз еңбекке жағдай жасау үшін кәсіподақтармен тығыз байланыс орнату керек деп отыр. Алайда бір гәп бар – жанашыр кәсіподақтар жоқтың қасы.

«Кәсіподақтар жұмыс берушінің мүддесін қорғап отыр. Жұмыс берушіге ыңғайлы нормативтік актілерге қол қойып, кейбір ішкі қағидаларға көз жұма қарап, бас изеп, келісе береді. Ал бізге шынайы жанашыр кәсіподақтармен жұмыс істеу керек. Жұмысшының шын жағдайын ашық айтатын кәсіподақтар қажет», ‑ дейді ол.

Бәрі бір‑бірімен тығыз байланысты. Мұндай кәсіподақтар болуы үшін, ең алдымен, жұмыс беруші ашықтықты қамтамасыз етуге тиіс. Ал бұл үшін жұмысшы өз құқығын білуі керек.

«Мысалы, екі адам бір цехте, бірақ екі түрлі жұмыс істейді, яғни улы зиянды газды жұтады. Бірақ біреуіне сол зиян үшін өтемақы төленеді, екіншісіне төленбейді. Жұмыс беруші жасап қойған психологиялық ахуалға байланысты ұжым ашықтыққа дайын емес. Проблема айтқысы келмейді. Айлығы қанша екенін сұрасақ, тек орташа есеппен қанша екенін ғана айтады», - дейді қор комиссиясының мүшесі.

Қордың еңбек қауіпсіздігі жөніндегі комиссиясы былтыр құрылған болатын. Оның құрамына шахтерлер, кәсіподақ өкілдері, металлургтер мен құтқарушылар енді. Комиссия мүшелері осылай өңірлерді аралап, кәсіпорындарда қауіпсіздік техникасының сақталуына мониторинг жүргізеді. Қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, мүдделі мемлекеттік органдарға ұсынады.
2024-11-07 17:02