Түркістан тұрғындары «Әділдік және Өркендеу» белсенділерімен бірге Құлсарыға гуманитарлық жүк жөнелтті
Жексенбі күні Түркістан өңірінен Атырау облысының Құлсары қаласына «Қасиетті Түркістаннан Құлсарыға» атты алғашқы гуманитарлық жүк көлігі аттанды.
Акцияға Түркістан облысының тұрғындары қатысып, жылу жинады. «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры гуманитарлық жүкті жіберуге қаржылай қолдау көрсетті.
«Біздің белсенділер зардап шеккен аймақтармен үнемі байланыста. Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама арқылы біз гуманитарлық көмектің нақты тізімін анықтадық. Құлсарылықтарға азық-түлік, гигиеналық және тұрмыстық заттар, күректер және қазандықтар жинадық. Сондай-ақ арнайы киімдер мен батпақ кешуге арналған резеңке етіктер жіберілді. Жүктің жалпы салмағы 30 тоннаны құрады», - деп бөлісті қоғам белсенділері.
Қор өкілдерінің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жеткізу жалғасады. Бұл «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының өңірлерді қалпына келтіру ортақ ісіне қосқан үлесі және қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарды қолдауға бағытталған қадам.