Новости КАЗ

Қостанайдағы қор белсенділері қандастармен кездесті

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің белсенділері Рудный қаласына арнайы барып, қандас, кәсіпкер Алмат Нұрмахановпен кездесті. Ол өз қызметінде кезігетін мәселелерді ортаға салып, кәсібін дөңгелетудегі алдағы жоспарларымен бөлісті.

Алмат Нұрмаханов 2003 жылы Қазақстанға көрші Өзбекстан елінен көшіп келіп, Рудныйдың іргесіндегі Юбилейный ауылына қоныс тепкен. Жергілікті кен байыту комбинатына жұмысқа тұрып, тұрақты табысы болса да, көңілі ата кәсіпке ауа берді. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды көрген іскер азамат тәуекелге бел буды. Кедергілерге қарамастан алған бетінен қайтпады.

Кәсіпкер 2016 жылы жеңілдетілген несие алып, бес түйе сатып алды. Ол қаражатты өтеп болғасын тағы да бағдарламаға қатысуға өтініш берді. Сатып алған және төлінен өскен жануарларды қосқанда, бүгінде оның шаруашылығындағы түйе саны отыздан асты.

«Жылда Қызылордадан жантақ алдырам. Оның шығыны аз емес. Биыл қыс қатты болды. Мал қыстан күйсіз шықты. Бірнеше бота туа салып өліп қалды. Бірақ жағдайымыз жаман емес. Ешкімге қол жайып отырған жоқпыз», – дейді кәсіпкер.

Қазір ол үш түйе сауып отыр. Әр бас күніне 4-5 литр сүт береді. Табиғи өнім, шипалы сусын - шұбаттың литрін 1600 теңгеден сатады. Алмат Нұрмаханов тек түйе бағып, шұбат сатумен шектелмейді. Қазір ол Рудныйдың қасынан 250 гектар жер алып, сол аумақта «Алмат-Шұбат» этно-ауылын салып жатыр. Бүгінде кәсіпкер екі киіз үйді құрып қойған. Олар жақын арада ашылады. Бұл жерде тек сусын ғана сатылмай, түрлі тағамдар да саудаланады. Ұлттық ойындарға қатысуға мүмкіндік бар. Отбасылық бизнестің арқасында бүгінде бір әулеттің бірнеше адамы жұмыспен қамтылып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, аймақта оның бәсекелестері жоқ. Сол себепті өнім өндіруден мәселе туындаған емес. Бірақ кәсібін жарнамалау қиынға соғып отыр. Сондай-ақ этно-ауыл орналасқан жерде электр желісінің тартылмауы да ыңғайсыздық туғызады.

Жергілікті филиал жетекшісі Амандық Әмірхамзин шаруаға аталған түйіткілдерді шешуге қатысты тиісті кеңестерін беріп, Қор Манифестінің басты бағыттарымен таныстырып өтті.