Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» қорының белсенділері БҚО тұрғындарына су тасқынымен күресуге көмектесіп жатыр

«Әділдік және Өркендеу» қорының белсенділері Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен аудандарда үлкен қоғамдық жұмыстар жүргізіп жатыр. Табиғи апаттың салдарын азайтып, жерлестеріне қиын кезеңнен өтуге көмектесу үшін қоғам белсенділері аймақтың жергілікті атқарушы органдарымен, еріктілерімен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатты.
«Қазіргі жағдайда менің Қордағы әріптестерім белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар ретінде айналада болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайды. БҚО белсенділерінің көбі соңғы бірнеше аптада су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатыр. Олар күш-жігерін біріктіріп, зардап шеккендерге табиғи апат салдарын жоюға көмектесуге тырысады. Астанада өтетін Әлеуметтік форумның делегаттары болатын Қор өкілдері Дулат Жүсіпқалиев пен Гүлзия Ахметова еріктілермен белсенді түрде ынтымақтасып, гуманитарлық жүктерді қабылдау және жөнелтумен айналысады. Қоғам қайраткері Мария Пирог күн сайын іс-шаралар орталығында жұмыс істеп, су тасқынынан зардап шеккен Бөрлі ауданының тұрғындарына көмектеседі, гуманитарлық көмек қабылдауды ұйымдастырады. Сонымен қатар ол еріктілерді түскі аспен тамақтандырып, оларды барлық қажетті заттармен қамтамасыз етеді», - деді «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ өкілі Асыланбек Губашев.
Белсендінің өзі ақпараттық жұмыстармен айналысады. А.Губашев облыста Batys Today бірыңғай телеграм-арнасы ашылып, онда нақты уақыт режимінде Батыс Қазақстан өңіріндегі ахуал туралы өзекті ақпарат жарияланатынын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, тасқын салдарынан БҚО-ның 5 ауданы мен Орал қаласындағы тұрғын үйлер мен саяжайлар су астында қалды. Облыс бойынша барлығы 7 мың адам эвакуацияланды.

Асыланбек Губашевтың айтуынша, қазір зардап шеккендерге бірінші кезекте жылы киім, матрацтар мен төсек-орындар керек. Batys Today телеграм-каналында су басқан орындарда жұмыс істеу үшін шамдар, шатырлар, батпақты кешуге жарамды резеңке етіктер, үрлемелі қайықтар, комбинезондар мен су костюмдері қажет екендігі туралы хабарландырулар жарияланды.

Алдағы күндері БҚО қалалық қызметтері Жайық өзенінде су көлемінің ұлғаюын күтіп отыр. Сондықтан өңір жұртшылығы су тасқынына қарсы күрес, бөгеттер мен бекіністер салу, сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек көрсету жұмысын жалғастыруға ниетті.