Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» қорының белсенділері Ақмола облысының медицина қызметкерлері мен саяжайшылардың проблемаларымен танысты

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Ақмола облысындағы белсенділері медицина қызметкерлері және саяжайшылармен кездесті

Қор өкілдері жергілікті емханалық-клиникалық оңалту орталығының дәрігерлерімен кездесіп, оларға ұйымның басты мақсат- міндеттері және белсенділер қабылдаған Үндеу-Манифестің бағыт-бағдарымен таныстырды. Сондай-ақ жиында медицина саласындағы түйткілдер талқыланды. Дәрігерлер салада болып жатқан өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді. Мәселен, медициналық орталық қызметкері Хатке Айтқожинаның айтуынша, қазір салада педиатр мамандары тапшы.

«Елімізде педиатрия саласы мүлдем ақсап тұр деуге болады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен педиатрия мамандығы 5 жыл бойы оқытылмады. Салдарынан қазір балаларды терапевт мамандар қабылдап жатыр», - деді Хатке Айтқожина.

Медициналық мекеменің бас дәрігері Бахтияр Қоңқабаев та дәрігерлер тапшылығының себептері мен салдары жайлы ойларымен бөлісіп, тұтас республика бойынша шешімін таппай отырған жайттарды жеткізді.
Кейін Қор өкілдері «Саяжай серіктестіктерін дамыту жөніндегі комиссия» қоғамдық бірлестігіне барып, кездесу өткізді.

Ең алдымен белсенділер ұйымның негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталып өтті. Ал, саяжайлар серіктестіктерін дамыту комиссиясының өкілдері өздерін толғандыратын мәселелерді жіпке тізді. Олардың хабарлауынша, Көкшетау қаласы маңындағы саяжайларда инфрақұрылымлық проблема көп. Әсіресе, бақташыларды жарық пен электр желілерінің ескіруі, тарифтің қымбаттауы мен қоғамдық көлік тапшылығы алаңдатып отыр.
«Біз ондаған жылдар бойы саяжайларда қордаланған өзекті жайттарды жергілікті органдардан бастап Үкіметке дейін жеткізуге тырысып жатырмыз. Тіпті заңға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы жобамыз да дайын. Көкшетау қаласының маңында бүгінде 23 мың саяжай телімі болса, соның 12 мыңы иесіз қалған. Қала әкімдігінің рұқсатымен мұнда монша, мейрамхана, көлікке техникалық қызмет көрсету стансалары сынды кәсіпкерлік субъектілер көбейіп кетті», - деді Қоғамдық бірлестік төрағасы Петр Кузьменко.

Қор белсенділері кездесулер барысында айтылған мәселелер бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Белсенділер қазақстандықтарды елдің мықты, әділ және гүлденген болашағын құру үшін Манифестке онлайн қол қоя отырып, Қордың жұмысына қосылуға шақырады.