Новости КАЗ

Атыраудағы Қор белсенділері эвакуацияланған тұрғындардың балаларын музейге апарды

Атырау қаласындағы «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ өңірлік өкілдігінің белсенділері эвакуацияланған тұрғындардың балаларына музейге экскурсия ұйымдастырды. Өлкетану мұражайына 65-ке жуық бала келді.

«Жақында біз AРЕС жоғары колледжінің ғимаратында орналастырылған Жасталап ауылының тұрғындарымен кездестік. Көпбалалы аналар мұнда бүлдіршіндерге арналған ойын-сауықтың жоқтығына қынжылды. Сондықтан біз Балаларды қорғау күнінде оларға Атырау өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырмақ болдық», - деді «Әділдік және Өркендеу» Қорының өкілдері Гүлсім Биташева мен Шахарман Ерсейітова.

1938 жылы құрылған музей қорында 30 000-нан астам экспонат, оның ішінде аймақ бөлімшелеріндегі тарихи-мәдени мұра нысандары бар.

Балалар Атырау облысының палеолит кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтитын мұражай экспонаттарымен танысты. Экскурсия соңында «Әділдік және Өркендеу» Қорының өкілі Айзада Кеншбаева оларға кәдесыйлар табыстады.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорын республикамыздың түкпір-түкпіріндегі белсенді қазақстандықтар бірлесіп құрды. Ұйымның негізгі мақсаты-қазақстандықтардың өмірін жақсарту, Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру, әділ қоғам мен өркениетті ел құруға үлес қосу.