«Көңіл көншітпейді»: Мусилов жөндеуден өткен республикалық тасжолдың сапасын тексерді
«Көңіл көншітпейді»: Мусилов жөндеуден өткен республикалық тасжолдың сапасын тексерді
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Қазталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы» республикалық тасжолының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Жолдың 95-тен 138-ші шақырымына дейінгі учаскесі жөнделген.
Ұлттық автомобиль жолдарын басқару операторының мәліметінше, 42,2 шақырым учаскеге екі қабат асфальт-бетон төселген. Жобаға 85-ке жуық мамандандырылған жол-құрылыс техникасы мен 150-ден астам жұмысшы жұмылдырылды.
Алайда «Әділдік және Өркендеу» қорының белсендісі Азамат Мусилов жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілгенін айтады. Ол бұл аймақтағы жол көп ұзамай қайтадан мүшкіл жағдайға түсетінін болжап отыр. Қоғам белсендісі қорымыздың «Саналы ұлтқа – сапалы жол» арнайы жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында жол сапасын тексеріп, кемшіліктерді анықтап, оларды жоюдың жолын іздеумен айналысады.
Биыл жазда мен Чапаев – Қазталовка – Өнеге – Жәнібек және Чапаев – Қазталовка – Өнеге – Бисен – Сайхин учаскелерін аралап шықтым. Ол жақта жөндеу жұмыстары аяқталмаған деп есептеймін. Оның үстіне былтыр жөнделіп бітті деген Өнеге – Қазталовка учаскесі қазір жарамсыз болып қалды. Менің ойымша, тапсырыс беруші мен мердігер асығыстық танытып, астыңғы қабатын дұрыс төсемеген, — дейді Мусилов.
Ол жақында пайдалануға берілген үш аумақта асфальтты қайта төсеу керектігін анықтаған. Негізгі қателіктердің бірі – жоба мен материал таңдау кезінде аймақтың ауа райы ескерілмеген.
Азамат Мусилов жол саласының тәжірибелі маманы. Ол күз бен көктем мезгілінде Ресеймен шекаралас Қазталовка тасжолында қайтадан шұңқырлар пайда болатынына сенімді.
Қазталовка мен Чапаев арасындағы учаскеде асфальт жабынының екі қабаты да бұзылатыны анық. Өнеге мен Қазталовканың арасында да қираған жерлерді көрсем, таңғалмаймын. Былтыр мен сондай қираған жерлерді тауып, мердігерге айтып жөндеткіздім, – дейді маман.
Қазір республикалық тасжолдың Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы учаскесінде жиектер нығайтылып, белгілер мен таңбалау жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба биыл жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.