Қор Қазақ тағамтану академиясымен меморандумға қол қойды
Алматыда «Әділдік және өркендеу» мен "Қазақ тағамтану академиясы" меморандумға қол қойды. Құжат аясында мектеп тамағының сапасына бірлесе мониторинг жүргізу, талдау жасап, ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр. Тамақтану сапасын арттыру бойынша семинарлар мен іс-шаралар өткізу де қарастырылған. Мақсат – балаларды тек құнарлы тамақпен емес, жоғары стандарттарға сай қауіпсіз азық-түлікпен қамту.
"Мектептердегі азық-түлік сапалы болуы маңызды. Қазақ тағамтану академиясымен бірге қол қойған меморандум осыны бақылауға бағытталған қадам болады деп сенеміз", – деді қордың Алматы филиалының жетекшісі Мирас Байсеитов.
Қазақ тағамтану академиясының жетекшісі Алмаз Шарман баланың дамуы мен психоэмоционалды жағдайына мектептегі тамақтың тікелей әсері бар екенін айтады.
"Біз балаларды қажетті дәрумендермен, микроэлементтермен қамтып қана қоймай, тамақты дұрыс таңдау мәдениетін қалыптастыруымыз керек. «Әділдік және өркендеу» қорымен бірге тамақтану саласына ғылыми негізделген тәсілдерді енгізіп, ата-аналар және мұғалімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз ", – дейді Алмаз Шарман.
«Әділдік және өркендеу» қоры 14 қазан - 14 қараша аралығында мектеп тамағының сапасына қатысты әлеуметтік мониторинг жүргізген болатын. Оған елдің әрбір аймағынан 10 мыңнан астам ата-ана жауап берді. Әрбір үшінші ата-ана мектеп асханасына қоғамдық бақылау орнату жұмысына қатысуға әзір.
Әлеуметтік мониторинг нәтижесі бойынша, ата-аналардың пікірі мен ұсыныстарын талдай отырып, қор мектептегі тамақтану сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ Қазақ тамақтану академиясымен бірлесіп мектеп мәзірін жақсарту жөнінде ұсыныстар жасап, оқу-ағарту министрлігіне жолдайды.