БҚО қоғам белсенділері дабыл қағып жатыр: Орал маңындағы бірегей алма бағы жойылып кетуі мүмкін
Қоғамдық ұйым белсенділері, кәсіпкерлер, ғалымдар мен БҚО мемлекеттік органдарының өкілдері баспасөз конференциясына қатысып, Оралдағы су тасқынынан зардап шеккен С.Исаев атындағы Халықаралық эксперименталды коллекциялық бақты қалпына келтіруге қажетті қолдау шараларын талқыға салды.
Бау-бақшаны өсірген «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жақтасы Қайрат Кәрімов он жыл өмірін Орал маңында алма генофондын жандандыруға арнады. Селекционер қиындыққа мойымай, күрт континенталды климатта өнеркәсіптік бақ өсіруге арналған әлемдегі бірегей жеміс сұрыптарының кесінділерін сақтап қалды. Алайда осы көктемде тасқын салдарынан бақта екі ай бойы су тұрып, ағаштардың 80% -ы жарамсыз болып қалды. Қайрат Кәрімовтың айтуынша, олардың саны тағы да ұлғаюы мүмікін. Қалған алма генофондын шұғыл түрде құтқару керек, өйткені кез келген мемлекет үшін оның стратегиялық маңызы бар. Оған қомақты қаражат қажет, бірақ мемлекет ұсынған қаржы алма генофондын сақтау мен қалпына келтіру шығындарын өтемейді.
«Біздің генофонд бүкіл әлемнен жиналған десек артық айтпаймыз. Мысалы, бір көшетті отырғызу үшін маған Владивостокқа баруға тура келді, оны өсіруге үш жыл уақыт кетті. Судан құтқарылған өсімдіктерді сақтап қалуға тек ынта-жігеріміз жеткіліксіз болып тұр, бізге қаржылық ресурстар қажет. Ұсынылған көмек барлық шығынды өтей алмайды», - дейді селекционер.
Бау-бақша өсірушіні Қазақстан ғалымдары бірауыздан қолдап, Орал алма бағының бірегейлігін және генофондтың әлемдік маңызын атап өтті.
«Қайрат Кәрімов климаты қолайсыз аймақтарда бақша өсіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Каспий маңында көптеген экологиялық проблеманы шешумен бірнеше жыл бойы айналысып келеді. Келешек ұрпақтарға қалдыратын дүниелер туралы ой қозғайтын кез келді және осы ретте Қайрат Кәрімов баға жетпес еңбек атқаруда. Бұл - өз Отанына деген шынайы махаббаттың үлгісі. Ол өз халқын ойлап, бүкіл Қазақстан аумағында бау-бақша өсірмекші. Бір отбасы мемлекеттің қолдауынсыз, тек өз күшінің арқасында бүкіл ғылыми институттың жұмысын істеп отыр. Әлем елдерінде генофондты сақтау бағдарламалары бар, олардағы бір өсімдіктің құнын айту қиынға соғады. Баға жетпес бақшадан айырылуға құқығымыз жоқ»-, дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан - Нидерланды орталығының басшысы Гүлфаридат Кәмпитова.
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бау-бақшаның бірегейлігін растап отыр. Алайда шенеуніктер қалыптасқан жағдайдың қиын екенін де жоққа шығармайды. Өйткені қазақстандық заңнамада мұндай өтемақыны есептеудің тиісті нормативтік-құқықтық актісі жоқ.
«Бірегей гендік қоры бар коллекциялық өсімдіктерге қатысты жалпылама ережелер ғана бар. Қазір біз тек осы ережелерді басшылыққа ала аламыз. Залалды есептеу әдістерін анықтау үшін әр ағаштың технологиялық картасын әзірлеу керек. Сонымен қатар бақшаны басқа қолайлы жерге көшіру шығындары бар. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне жалпы ережелерге түзетулер енгізу туралы хат жолдадық. Бір аптадан астам уақыт өтті, нәтиже болады деген үміттеміз. Мерзімдерге келетін болсақ, қазір төтенше жағдайға байланысты барлық өзгеріс жедел енгізіліп жатыр. Бұл тілсіз жаудан зардап шеккендерге тұрғын үй беру және оларға көмек көрсетуге де қатысты, сондықтан тек сәл шыдамдылық таныту қажет», - деп түсіндірді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Рүстем Зулкашев.
Облыс орталығында жеміс өсіру, олардың сұрыптарын зерттеу және аудандастыру жұмыстары 1997 жылдан бастап жүргізілмегенін ескерген жөн. Ол кездері бақтағы барлық ағаш кесіліп, суармалы учаскелер жоғалды. Тек 2016 жылы Қайрат Кәрімов жеке қаражатын бөліп, осы жұмысты бастады.
«Отырғызылған ағаштар 8-9 жылдан кейін ғана жеміс береді. Жарамсыздыққа ұшыраған генофонд дәл осы өнім беретін уақытына жетіп қалғаны өкінішті-ақ. Оған қарамастан, көпжылдық жұмысты жалғастыру керек. Алдын ала есептеулерімізге сәйкес, жоғалған 5720 екпе бойынша шығын сомасы 370 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар су тасқынынан тыңайтқыштар сақталған қоймалар зардап шегіп, тұқымдар су астында қалды, өнеркәсіптік жабдықтар жоғалды, инфрақұрылымға едәуір залал келтірілді. Мұның бәрін қайта жаңғырту және қалпына келтіру қажет», -деді «Орал АШТС» ЖШС жеміс-жидек және картоп шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Ажар Шауленова.
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры да қалыптасқан жағдайға қатысты алаңдаушылығын білдірді. Қор өз тарапынан ақпараттық қолдау көрсетіп, Орал маңындағы бақтарды қалпына келтіру және сақтау мәселесіне назар аудару үшін қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіруді ұсынады.