Ол - археолог. Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының маманы. Туған жердің тарихын тануға деген Жандостың ынтасы археолог мамандығын таңдауға түрткі болды, міне, ол осымен 18 жыл тарихы ең бай өлке - Әулиеатаның киелі топырағын қазып, құнды деректер мен жәдігерлерді тауып жүр.
Жандос Байтімбетов жақында ортағасырлық Қаракемер қаласының аумағында жүргізілген қазба жұмыстарына қатысты. Археолог VI-XII ғасырлардағы Қаракемер қалашығы турал тың деректер тапты.
"Қазба жұмыстары барысында табылған заттар сол кезеңде ауыл шаруашылығының жоғары деңгейде дамығанын растай түседі", - дейді маман.
Қазба жұмыстары кезінде археологтар шатыр құрып далада түнеп, қолайсыз ауа райына қарамастан жұмыс істейді. Табылған жәдігерлердің салмағы ауыр болуы мүмкін, сондықтан спортқа да уақыт бөлген дұрыс. Кейде экспедиция кезінде дұрыс тамақтанудың орайы келмейді. Салдарынан асқазан-ішек жолдары дерттеріне шалдығу қаупі жоғары.
Бірақ қиын болса да, жұмыс қызыққа толы, әрі жауапкершілігі зор. Себебі, археологтар еліміздің тарихи мұрасын зерттеп, толықтырып, келешек ұрпаққа аманаттайтын мамандар. Жандос бұл жауапкершіліктің жүгін жақсы сезінеді әрі түсінеді.