Новости КАЗ

Қор белсенділері «Киелі домбыра» флешмобына қатысты

Ұлттық домбыра күні Ақмола облысындағы «Оқжетпес» стадионында 2500-ге жуық домбырашы Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» күйлері мен Абылай ханның «Шаңды жорық» күйін бір мезетте орындап, үлкен фестиваль өткізді. Бұл шараға «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының өңірлік филиалының өкілдері де қатысты.

«Қазақ тарихында өнер әлемінің шыңына шыққан күй атасы – Құрманғазыдан бастап Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй қырандарының жолын ұстанған ұрпақтар, күй өнерінің дарабоздары, күйші-домбырашылар күні бүгін де ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрін жалғастырып келеді. Рухани байлығымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күні белгіленді. Жер-жерде бұл ұлы дәстүрді жаңғырту жолында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады», - деді Қордың Ақмола облысындағы өкідігінің жетекшісі Бақыт Смағұл.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 24 фольклорлық ансамбль, 30-дан астам дәстүрлі әнші, 10 қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, 12 домбыра үйірмесі бар. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша 6 тегін үйірме жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, «Киелі домбыра» флешмобына Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, «Көкшетау» мәдениет сарайы, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы, Облыстық халық шығармашылық орталығы, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану, Көкшетау қаласы тарихы, Мәлік Ғабдуллин, Әдебиет және өнер музейлері, Тарихи мұраны қорғау және пайдалану орталығы, Көкшетау қаласы «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымдары, сонымен қатар, Біржан Сал, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Жақсы, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласының білім және мәдениет ошақтары, «Шабыт» білім және шығармашылық орталығы тәрбиеленушілері, Ақмола облыстық соты, мемлекеттік органдар, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
2024-07-09 16:47