Новости КАЗ

МӘМС жүйесі медицинаның сапасы мен қолжетімділігін арттыра ала ма? Азаматтар жүйеден не күтеді және олардың сауалдары

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу арқылы халықтың медицинаға деген қолжетімділігін арттырып, бюджеттің жүктемесін азайту көзделген. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда мұндай нәтижелер жоқ. Халықтың жүйеден не күткені жайлы «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының талдаушысы Жәнібек Даринов «МӘМС жүйесі: мәселелер мен оны шешу жолдары» сараптамалық стратегиялық сессиясының аясында айтты.

Жоғарғы аудиторлық палатаның мәліметтеріне сүйенсек, сақтандырылған 15,5 млн азаматтың 11,3 млн-ы, яғни 73% -ы жеңілдік берілген санатқа жатады. Олардың қатарында балалар, мүгедектігі барлар, студенттер, жұмыссыздар, зейнеткерлер бар. Олар үшін төлемдерді мемлекет жасап отыр. Тексеріс қорытындысы бойынша, кепілдік берілген медициналық көмек көлемі 2019-жылы 1 трлн теңге, ал 2023-жылы 1.4 трлн теңге болғаны анықталды. Яғни төлемдер сомасы 40%-ға артты. Жеңілдік берілген санаттар үшін республикалық бюджеттің трансферттері 2020-жылы 299 млрд теңге болса, 2021-жылы 351 млрд теңгеге тең. Өсім 18%-ды құрады.

«Мемлекеттің жүктемесін азаматтардың ынтымақты жауапкершілігі арқасында төмендету мүмкін болмады. Мемлекет басшысының пайымдауынша, денсаулық сақтау жүйесін бюджет есебінен қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, халық үшін медицина қолжетімсіз болып тұр. Оның себептерінің бірі-қаражатты тиімсіз пайдалану. Біз білетіндей, 2020-2025-жылдарға арналған Жол картасы аясында цифрландыру, дәрігерге заңсыз жазылу, ТМККК және МӘМС пакеттерін бөлу бойынша жұмыстар басталды. Алайда халықтың МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтары әлі де көп», - деді сарапшы.

Мәселен, дәрігерлердің тапшылығынан емханалардағы кезектер азаяр емес. Әсіресе, ауылдардағы медициналық көмекті ұйымдастыру өзекті болып тұр. Айдың ортасында денсаулықты тексеруге берілетін жолдамалар бітіп қалады. Пациенттер қажетті қызметтерді (тексерілу және емделу) және оларға тиесілі дәрілерді уақытында ала алмайды. Емханаларда МРТ мен УДЗ жоқ: адамдар өз кезегін айлап күтеді, ал ақылы емханаларда бұл процедураларды бір күнде өтуге болады.

«Біз Денсаулық сақтау министрлігі және ӘМСҚ жанындағы Қоғамдық кеңестерге тәуелсіз директорларды кіргізіп, қоғамдық бақылауды орнатуды ұсынып отырмыз. Соның арқасында ведомстволар қызметінің сапасы айтарлықтай жақсарады. Сыбайлас жемқорлық азаяды. Азаматтар өздері медициналық сақтандырудың түрін таңдайды: ынтымақты немесе ерікті. Олар бюджеттен бөлінген қаржыны қайда жұмсап, өз денсаулығына қанша ақша жинайтынын өздері шешсін. Бұл шешім тек алғашқы медициналық -санитариялық көмек, аурухана және жедел жәрдем деңгейінде ғана болмау керек. Пациент өзіне ұнайтын дәрігерді, палатаны, дәрілерді таңдау қажет. Әр адамның МӘМС жарналары мен төлемдері жинақталуы тиіс», - деп, Қор талдаушысы әріптестерінің ұсыныстарын айтты.

Медициналық қызметтердің бағасын жаңа медициналық жеткізушілерді тартып, бәсеке орнатудың арқасында төмендетуге болады. ӘМСҚ-ның ТМККК және МӘМС келісімшарттары жыл бойында істеп тұруы керек. Қор әр өңірде ашық конкурстық негізде медициналық қызметтердің бағасын реттеу қажет.

Сондай-ақ талдаушылардың пікірінше, пациенттерге кез келген медициналық ұйымда скрининг өтуге мүмкіндік берген жөн. Сонда ақша азаматтар өзі таңдап барған мекемеге төленеді. МӘМС жүйесінде жиналған қаражатты жеке клиникаларда пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмағаны абзал. Нәтижесінде медициналық қызметтердің бағасын орнатқанда, бәсекелестік пайда болып, науқастар саны азаяды.