Новости КАЗ

Орал қалалық ауруханасының ұжымы «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Манифестін қолдады

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жақтастар саны артып келеді. Белсенділердің Манифест-үндеуін Орал қалалық көпсалалы ауруханасының ұжымы қолдады.

Медициналық мекеме қызметкерлерімен кездесуде Қордың Батыс Қазақстан облысындағы өкілдік төрағасы Асыланбек Губашев аурухананың жетекші мамандарын қоғамдық ұйымның негізгі міндеттерімен таныстырды, сондай - ақ негізгі құжат - Манифест-үндеуді талқылауға ұсынды.

Аурухана басшылығы мен ұжымы Қор идеяларын қолдап, Манифестің барлық тармағының өзектілігін атап өтті. Қоғамдық ұйымның жаңа жақтастарының пікірінше, медицинаның қол жетімділігі мен «кедергісіз» орта құруға басымдық беру керек.
Асыланбек Губашевтің айтуынша, медициналық мекеме бұл бағытта үлкен жұмыс атқарып жатыр. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін түрлі бейіндегі дәрігерлер бір пациентті бірлесіп емдейді. Бұл тәсіл диагностика мен емдеу процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Су тасқыны кезінде қалалық көпсалалы ауруханаға облыстық кардиоорталықтың жүзден астам пациенті эвакуацияланды, себебі, ол мекеме су басу аймағында болды.

«Су тасқыны кезінде ауруханамызда облыстың кардиологиялық қызметі орналастырылды. Біз 130 науқасты қабылдадық. Жүрек ақауы бар науқастардың іс-қимылына залал келтірмеу үшін осындай шешім қабылданды. Біз оларға аурухананың ең үлкен екі бөлімшесін беріп, оңалту қызметін жүзеге асыруға сертификат алдық. Әрине, ұжым қарқынды жұмыс істеу керек, қабылдау бөлмесінің жүктемесі жоғары. Қазір бізге пациенттер ағылып келе жатыр, өйткені ауруханада перзентхана, гинекология, нейрохирургия, травматология және терапия бөлімшелері, үшінші жоғары деңгейдегі инсульт орталығы бар. Қарқынды жұмыс кестесіне қарамастан, барлығы уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарады, өйткені облыста ТЖ режимі жарияланды. Біздің медициналық қызметкерлер бей-жай қарап отырған жоқ. Медбикелер, фельдшерлер, санитарлар кезекшілікке шығып, эвакуациялық пунктерде ерікті түрде қызмет атқарады, бөгет салуға атсалысады. Бұл жұмыс үшін ақы төленбейді, ақ халаттылар оны шын жүректен жасайды», - деді «Қалалық көпсалалы аурухана» ШЖҚ МКК директоры Арман Мырзахметов.

Орал қалалық көпсалалы ауруханасы - Батыс Қазақстан облысындағы ең жаңа клиникалардың бірі. 310 төсек орны бар медициналық мекеме «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынды.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің барлық азаматына арналған Манифест – үндеу «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының басты құжаты болып табылады. Кез келген адам оның жұмысының негізгі қағидаларымен таныса алады, сондай-ақ Манифестке онлайн қол қою және Қордың сайтында пікір қалдыруға болады.