Новости КАЗ

Адал еңбек – барлық жетістіктің бастауы

Адал еңбек – барлық жетістіктің бастауы

Жылдағы дәстүр бойынша тамыздың алғашқы жексенбісі – Көлік қызметкерлерінің күні.

Ел экономикасының қарыштауы, әлеуметтік саланың дамуы көлік қызметкерлерінің сүбелі үлесіне тікелей байланысты. Бүгінде осы сала қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңартылуда.

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы межелі міндеттерді орындауда өрт сөндіру көлігінің орны ерекше. Осындай көлікті тізгіндеп, тілсіз жаумен күресте ерлікке пара-пар еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі - №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобильдерінің аға жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау старшинасы Ерлан Мұханов.

Ерлан Манатұлы 1991 жылы 19 мамырда Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Таваксай селосында дүниеге келген. Ол 2012-2013 жылдары аралығында Алматы облысы Отар әскери қалашығындағы № 30212 және Қапшағай қаласындағы № 32363 әскери бөлімдерде әскери борышын өтеп, 2014 жылдан Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесінде қызмет етіп келеді.

Он жылдан астам уақыттан бері азаматтық қорғау органында мүлтіксіз қызмет атқарып келе жатқан оны әріптестері кәсіби біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мен адамгершілігі қатар жүретін азамат ретінде таниды әрі бағалайды. Ерлан Манатұлы «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Шымкент қаласындағы өкілдігінің жұмысымен танысты. Еңбек адамын насихаттау, оның құқығын қорғау және лайықты еңбек жағдайларын жасауды мақсат тұтатын қор жұмысына қолдау білдіретінін жеткізді.