Новости КАЗ

Аймақ белсенділері «Әділдік және Өркендеу» жаңа қоғамдық қорын құрды

Қазақстанның әр өңірінің азаматтық белсенділері «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорын құру үшін бірікті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бастамасын қазақстандықтар қолдайды. Әр нәрседе әділдік керек. Алайда, орталықта айтылған реформалар жер-жердегі адамдарға үнемі жете бермейді. Қоғамға қажет реформалар өңірлердегі шенеуніктердің немқұрайлығынан қағаз бетінде қалып жатыр, түрлі кедергілерге тап болады. Біздің ойымызша, әділетті қоғам құруға бағытталған мұндай реформалар халықтың қолдауына ие болуы керек. Билік азаматтардың үнін естіп, өзінің әр қадамында халықтың пікіріне сүйенуі өте маңызды. Осы ретте әділетті Қазақстанды құру идеясын құр қолдап қана қоймай, соған өзінің үлесін қосуға даяр белсенді азаматтардың басын біріктіру үшін Қорды дамыта береміз», дейді Қордың директоры Қуаныш Жарлықас.
Қоғамдық қор Қазақстанның әр облысында өз жұмысын бастады. Жаңа ұйымға бастамашы болған белсенділердің арасында өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмыскерлері, фермерлер, кеншілер, құтқарушылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен журналистер бар. Атап айтқанда, «Қазақмыс» кәсіпорнының кеншісі Шәмші Хамзе, қоғам қайраткерлері Бақыт Смағұл, Александр Мандрыкин, журналист Дана Рысмұхамедова, Жанат Мұхамеджан, Бурахан Дақанов, Азамат Мусилов, Әсет Оңалбаев, Қуаныш Керімқұлов секілді азаматтық белсенділер бар.

«Біз өз күшімізді, жинаған тәжірибеміз бен қолда бар мүмкіндіктерімізді әрбір отандасымыздың Әділетті Қазақстанды шынайы сезінуіне жұмсағымыз келеді. Біздің міндетіміз - халық пен билік арасын жақындата түсу, жұмыскерлер мен қызметшілердің, дәрігерлер мен мұғалімдердің, фермерлердің құқығын қорғап жүрген әрбір жанның үнін жеткізу» дейді қордың белсендісі, журналист Гүлжан Мархабаева.