Новости КАЗ

"Әділдік және өркендеу" Түркістан облысында 20 мектептің асханасын тексерді

"Әділдік және өркендеу" Түркістан облысында 20 мектептің асханасын тексерді

«Әділдік және өркендеу» қорының «Мектеп мәзірі» арнайы жобасы Түркістан облысында жалғасты. 23-27 қыркүйек аралығында жоба жетекшісі Әсет Оңалбай 20-дан астам мектеп, интернат пен балалар үйінде оқушылар қалай тамақтанатынын көріп қайтты. Мониторинг қорытындысы көңіл көншітпей отыр.

Санитарлық норма сақталмаған, шоколад, энергетикалық сусын сынды балаларға сатуға болмайтын өнімдер емін-еркін сатылып жатыр. Ал мектеп әкімшілігі болса, «білмедік, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ескертпеді» деп ақталады.

«Директор да, медбике де, әлеуметтік педагог та басын ала қашады. Жеке кәсіпкер асханада тексеріс жүргізуімізге қарсы дейді. Сонда қалай? Бұл балалардың денсаулығы емес пе, қандай тамақ беріп жатқанын қалай тексереміз? Тоңазытқышта не тұрғанын білмейміз ғой», дейді Әсет Оңалбаев.

Тағы бір өрескел олқылық – бүтін бір аудандағы мектептердің асханасын тек бір мердігерге беріп қойған. Мұндай жағдай Төле би ауданында анықталды. Бәсекелестік орта мүлдем жоқ.

«Мысалы, 50 мектеп болса, бір мердігер бәріне тамақ дайындауға қалай үлгереді? Әрине, бірнеше қосалқы мердігерді жалдайды. Диетолог мейірбике деген атымен жоқ. Түркістан облысында 20 нысанда 4 аспазда ғана диплом бар. Бұл қалай сонда?», - деп отыр «Мектеп мәзірі» жобасының жетекшісі.

Қуантатын жайт – қайта тексеріс барысында кейбір мектеп кемшіліктерді жойған.

Әсет Оңалбай бұған дейін Жетісу өңіріндегі мектеп асханаларын тексерген болатын. Оқу жылы аяқталғанша елдің барлық өңіріндегі мектептерге барып, мектеп мәзіріндегі ас сапасын тексеруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, қор белсендісі балалардың құқығын қорғайтын жұмыс тобының құрамына енді. Жұмыс тобы оқу-ағарту министрлігінің жанынан құрылған. Жұмыс тобы атқарылған істерді 2025 жылдың қараша айында қорытындылайды.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының мектептегі тамақ сапасын тексеруге арналған «Мектеп мәзірі» жобасына Қазақ Тағамтану академиясы да қосылады.


2024-10-01 18:00