Новости КАЗ

Қордың белсенділері су тасқынымен күреске бөлінген миллиардтар қайда кеткенін тексеріп жатыр

Қордың белсенділері су тасқынымен күреске бөлінген миллиардтар қайда кеткенін тексеріп жатыр

Қарғын сумен төтеп беру үшін Атырау облысына түрлі компания, белсенді азаматтар мен кәсіпкерлер миллиардтаған ақша бөлген болатын. Алайда сол ақшаның қайда және қалай жұмсалғаны белгісіз. Қордың өңірдегі өкілдігі осы мәселе бойынша арнайы жиын өткізді.

Былтыр «Әділдік және Өркендеу» қорының белсенді жақтастарының бастамасымен қоғамдық бақылау тобы құрылды. Топтың жетекшісі Ерлан Күмісқалиев тұрғындар қалалық қоймадан жіберілген гуманитарлық көмек жоғалғанына шағымданғанын айтады. Осыған байланысты қоғамдық бақылау тобы тиісті органдарға хат жолдады.

Атырау облысы әкімдігіне хат жолдадық. «Жылыой ауданының тұрғындарына 900 тонна гуманитарлық көмек жіберілді» деген жауап алдық. Киім-кешек, дәрі-дәрмек сынды қажетті заттар жөнелтілген. Енді бізге гуманитарлық қойма жайлы ақпарат қажет. Егер 900 тонна жүк жіберілсе, қандай көлікпен, қанша жүк жеткізілгенін тексереміз. Біздің жұмысымыз – мониторинг жүргізу, - деді Күмісқалиев.

Құзырлы органдардан жауап алған соң белсенділер қаражаттың қайда жұмсалғанын зерделеп, атқарылған жұмыс бойынша есеп ұсынбақ. Айта кетері, бұл жолы жиынға Қызылқоға ауданының әкімдігі ғана өз өкілін жіберген.