Новости КАЗ

Qarmet шахталарында қауіпсіздіктің жаңа технологиясы енгізіліп жатыр

Qarmet шахталарында қауіпсіздіктің жаңа технологиясы енгізіліп жатыр

Жер астында жұмысшылар мен құрылғылардың орналасқан жерін анықтайтын жүйенің диспетчерлік-талдау орталығы өз жұмысын бастады. 2025 жылы оған Qarmet-тің барлық сегіз шахтасы қосылады. Бұл жүйенің көмегімен диспетчерлер кеншілермен байланыста болып, нақты уақыт режимінде шахтаның жай-күйін бақылайды, газ деңгейінің анализін жасайды.

Шахтаға түскен жұмысшы өзімен бірге арнайы белгіні ала жүреді. Сол белгі арқылы стационарлық құрылғылар кеншінің қозғалысын анықтап отырады. Орталық пультке ақпарат жіберіп, қажет болған жағдайда дабыл сигналын жолдай алады. Бұдан бөлек, IPS жүйесі арнайы белгінің орналасқан жерінің кенеттен өзгеруін тіркеп отырады. Мәселен, адам құласа, хабар бірден жетеді. IPS-дің GPS-тен айырмашылығы жабық кеңістікте қолданылуында. Ол бетон қабырғалардан да радиосигнал өткізе алады.

«Қорғау» кәсіподағының техникалық инспекторы Юрий Раздоров жобаның қандай артықшылығы бар екенін айтты.

«Көмір департаментінде диспетчер пульті іске қосылды. Енді диспетчерлер барлық шахтаны бақылай алады. Жүйе шам алған сәттен бастап оны тапсырғанға дейін адамның қай жерде жүргенін біліп отырады. Бұл аз уақыт ішінде оның жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Датчиктен сигнал болмаса, диспетчер дабыл қаға бастайды», - дейді Раздоров.

Кәсіподақ қызметкерлері, қорымыз жақтастары мұнымен шектелмей кеншілерді сапалы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету керектігін алға тартып отыр. Қазір Qarmet жаңа ұжымдық келісімшартқа қол қоюға дайындық үстінде. Құжатта еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.