Тасқыннан зардап шеккендерге үй салған құрылысшылар жалақысыз қалды
«Әділдік және өркендеу» қорына Ақмола облысы Журевлевка ауылының тұрғыны хабарласып, көмек сұрады. Ол - су тасқынынан зардап шеккендерге үй салған құрылысшылардың бірі.
«Мен үйдің төбесін жабумен айналыстым. Адамдар қиын жағдайға тап болғандықтан, жауапкершілікті сезініп, жұмысымызды тиянақты істедік. Бірақ енді өзіміздің жағдайымыз мәз емес. 2-3 ай бойы еңбекақымызды ала алмай жүрміз. Әрқайсымызға шамамен 1 млн теңгедей қарыз. Әкімдік табалдырығын тоздырдық, нәтиже болмады. Алда қыс, отбасымыз бар», – дейді құрылысшы.
– Мұндай жағдайлар құрылыс саласында көп. Алдап кету, жалақы бермеу, еңбек шартын жасаспау. Айта өту керек, еңбек шарты болсын-болмасын әрбір жұмыскер еңбекақысын уақытылы және толық көлемде алуға құқылы. Заң бойынша жұмысшыға қауіпсіз еңбек жағдайы жасалуы тиіс, әлеуметтік төлемдер мен еңбек демалысы, денсаулығына зақым келсе, өтемақы төленуі керек, – дейді қор заңгері Самира Тайтенова.
«Әділдік және өркендеу» алданған жұмысшыға сотқа талап арыз жазуға көмектесті. Құрылысшы өзімен бірге жұмыс істегендерді куәға тартып, жұмыс барысында түсірілген суреттер мен видеосын дәлел ретінде көрсетсе, өз қаржысын толық көлемде қайтара алады.
Бізге белгілі болғандай, мердігер ұйым салынған үйлер үшін қаржының 90%-ын алған, сөйте тұра, жұмысшылардың жалақысын неге бермегені беймәлім.
Өзіңіз, танысыңыз немесе туысыңыз осындай жағдайға тап болса, бізге хабарлаңыз: +7 778 978 0212 немесе adil.enbek@gmail.com