Новости КАЗ

Қор белсендісі: Түркістанда тағы бір жер телімін мемлекетке қайтардық

Түркістан облысынан жағымды жаңалық жетті. Қор белсендісі Бекболат Қаржанның қадағалауымен облыста 76 гектар жер халыққа қайтарылды.

«Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының иелігіне осыдан бірнеше жыл бұрын заңсыз өтіп кеткен 15 935 гектар жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылған болатын, дәл осы жер телімінің ішінде «Dala Impeхs» ЖШС 76 гектарға иелік еткен. Алайда, ЖШС сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіреді. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл істі тоқтату бойынша шешім қабылдады.

«Яғни «Dala Impeхs» ЖШС-не 76 гектар жер заңсыз берілгені көрсетіліп, шешімнің күші жойылды. Енді жер телімі мемлекеттің жер қорына өтуге тиіс»,- дейді қордың белсендісі Бекболат Қаржан.

Бұған дейін Қазығұрт ауданындағы 16 мың гектар жер жекенің қолында болып, тұрғындар сабанға дейін сатып алуға мәжбүр болғанын хабарлаған едік. Жылдар бойы жер дауын естіп келген осы Қазығұрт ауданының тумасы, «Әділдік және өркендеу» қорының белсендісі Бекболат Қаржан биыл тұрғындардың заңды жерін қайтарып берген болатын.
2024-11-26 16:44