Новости КАЗ

«Әділдік құқығы» интернет-қабылдауы: еңбек демалысы және тиісті төлемдер алу

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының YouTube арнасында «Әділдік құқығы» интернет-қабылдауының кезекті эфирі өтті. Оны еңбек құқығы бойынша белгілі тәуелсіз заңгер-құқық қорғаушы, заң ғылымдарының магистрі, Астана қаласының заң консультанттары палатасының заңгері Аржан Сәдуақас жүргізді.

Сарапшы демалысқа шыққан кезде төлемдерді есептеу процесі, олардың тәртібі және жұмыскерлер қысқарту кезінде білуі тиіс тетіктер жайлы түсініктеме берді. Сондай-ақ, «Сұрақ-жауап» айдарында азаматтар тікелей эфирде өздерін толғандыратын сұрақтар қойып, жауаптар алды.

Бірінші болып ұзаққа созылған ауруына байланысты демалысқа уақытында шыға алмаған көрермен жүгінді. Аржан Сәдуақас жағдай бойынша толық жауап берді.

«Бұл қызметкерге 50 күн демалыс беріледі. Алайда, ол ауруға байланысты алты ай бойы жұмыс істемеді, ал оның жұмыс берушісі белгіленген мерзімді қысқартты. Бұл заңды ма? ҚР Еңбек кодексінің 88-бабына сәйкес әрбір қызметкерге жылына кемінде 24 күн еңбек демалысы беріледі. Бірақ еңбек немесе ұжымдық шартта ұзағырақ мерзім қарастырылуы мүмкін. Осы қызметкер қызметінің ерекшелігіне сәйкес шартта 50 күн көрсетілген. Бірақ ең аз дегенде 24 күнді ескере отырып, жұмыс беруші мерзімді 20 күнге дейін қысқарта алмайды. Бұл еңбек заңнамасын бұзу болып саналады», - деп түсіндірді заңгер.

Заңды бұзған жұмыс берушілер жауапқа тартылады. Қызметкер сотқа жүгініп, нәтижесінде тиісті төлемдерді ала алады.

«Бізде демалыс мәселесі еңбек заңнамасымен және Еңбек кодексімен реттеледі. Бұған қоса, ұжымдық еңбек шарттары бар. Әрбір азаматқа кемінде 24 күн еңбек демалысы беріледі. Егер 24 күннен аз уақыт берілсе, бұл еңбек заңнамасын бұзу болып саналады. Және жұмыс берушіге қатысты әкімшілік жауаптылық жазылған. Қызметкер төленбеген күндер үшін өтемақы өндіріп алуға құқылы. Төлем сомасы оның жалақысының мөлшеріне байланысты. Егер ережелер ұжымдық шартпен реттелсе, онда демалыс 3 ай жұмыс істегеннен кейін де берілуі мүмкін. Қызметкер 5-10 күн демалыс ала алады. Бұл ақылы демалыс болады. Егер вахталық: 15 жұмыс күні және 15 демалыс күні болса, олардың демалысы сол күндерге есептеледі. Бұл ретте 24 немесе 30 күндік демалыс көзделмейді», - деді сарапшы.

Тағы бір жүгінуші – ұзақ жылдар жұмыс істегеннен кейін демалысқа шыға алмайды. Аржан Сәдуақас оған төлемдерді қалай алуға болатынын түсіндірді.

«Жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жұмыс істейтін азамат үш жылдан бері еңбек демалысын ала алмайды. Осыған байланысты сұрақ: тиісті төлемді қалай алуға болады? Егер Сіз 3 жылдан астам демалыссыз жұмыс істесеңіз, жұмыс беруші пайдаланылмаған күндерді төлеуге міндетті. Мысалы, егер демалыс 30 күн болса, жұмыс беруші осы мерзімге ақшалай өтемақы төлеуге міндетті», - деп атап өтті А. Сәдуақас.

«Әділдік құқығы» жобасы азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Трансляция қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мұндай онлайн-қабылдау және тікелей эфирлер үнемі өткізіліп тұрады. Алаңда әркім еңбек құқықтарын қорғауға қатысты өз сұрақтарына жауап ала алады. Бұдан басқа, азаматтардың өз сұрақтарын электронды adildik.org.kz@gmail.com мекенжайына жіберу, заңгерлік кеңес алу, еңбек құқығы тақырыбы бойынша өз бастамаларын ұсыну мүмкіндігі бар. «Әділдік құқығы» интернет-қабылдауы тегін заң консультацияларының орны ғана емес, сонымен қатар ел азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауды жақсарту бойынша тәжірибе мен ұсыныстармен алмасу алаңына айналады.