Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» қорының БҚО-ғы белсендісі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр

Батыс Қазақстан облысында бұрын-соңды болмаған үлкен су өңір тұрғындарын біріктірді. Жерлестеріне қиын кезеңнен өтуге көмектесу үшін «Әділдік және Өркендеу» Қорының өңірлік өкілдігінің белсендісі Мария Пирог ауқымды ақпараттық және волонтерлік қызметті қолға алды.

«Бөрлі ауданына су тасқыны наурыз айының басында келді. Ал, төтенше жағдай ресми түрде айдың соңында жарияланды. Осы уақыт аралығында аудан тұрғындары еріген қар мен Шыңғырлау өзенінен келген сумен өз бетінше күресті. Ақсу, Пугачево, Кеңтүбек, ескі Аралтал және Ақсай ауылдарындағы үйлерді су басты. Қазір мұнда бағалау комиссиялары жұмыс істеп жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, аудан тұрғындары залалды өтеуге 300-ден астам өтініш берген. Енді өңірде Жайық өзенінің төгілуін күтіп отырмыз», - дейді белсенді.

Мария Пирог - аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінің тілшісі. Ол әлеуметтік желі беттерінде күнделікті өзекті ақпаратпен бөліседі. Белсенді интернет алаңында мүдделері ортақ адамдарды біріктіретін қоғамдастық құрды. Қоғамға пайдалы болу ұмтылысының арқасында ол медиа-волонтерлікпен айналыса бастады.

«Біздің ауданымыз үшін жаным ашиды. Осы су тасқыны маусымы біз үшін ең аз шығынмен аяқталғанын қалаймын. Тұрғындармен бірге қатты алаңдаймыз және қолымыздан келгенше көмектескіміз келеді. Бірақ бөгеттер мен бекіністер салуға ер адамдар қажет. Сондықтан мен су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы хабарлама тарату үшін әлеуметтік медиа ресурстарын пайдалануды жөн көрдім. Жұмысым аса ауыр емес, тек халықты құлақтандырумен айналысамын. Мен адамдарға гуманитарлық көмекті қайда алып бару немесе оны қайдан алу керектігін түсіндіремін, аудан әкімдігінің қызметі туралы ақпарат жариялаймын, залал үшін өтемақы алуға өтінішті қалай беру керегін айтамын, сондай - ақ бағалауды жүргізу жайлы туралы мәліметпен бөлісемін», - дейді Мария.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, сыни сәттерде ресми ақпарат алып отыру маңызды, өйткені ол қалыптасқан ахуалды түсініп, ең бастысы дереу әрекет етуге көмектеседі.

Осы күндері Мария Пирог өзін әлеуметтік ерікті ретінде сынап көрді, ол басқалармен бірге бекіністер салып жатқан еріктілерге ыстық шай, бауырсақ мен бәліш әкеліп тұрды.

«Мен осындай көп бәлішті бірінші рет дайындап көрдім. Сонымен қатар аудан басшылығының су тасқынынан зардап шеккендермен кездесулеріне қатыстым. Жиында жәрдемақы мен өтемақы төлеу бойынша ақпарат айтылды. Осыдан кейін мен консультант болып жұмыс істедім, өйткені шенеуніктердің ресми мәлімдемелерін бәрі бірдей қабылдай алмайды және ауыл тұрғындары оларға бар ақпарды қарапайым тілмен түсіндіруді өтінеді. Әрине, адамдар мүлкінен мүлдем айырылып қалады деген үлкен алаңдаушылық бар. Оларға барлық залал өтеледі деген үміттемін. Жақында біз су бөгеттерін дайындау процесін бақылау үшін ауылдарды араладық. Олар бар күшін салып жатыр. Үміт бар»,-дейді медиа ерікті.

Бүгінде БҚО-ның Жайық өзені жағасында орналасқан Бөрлі ауданының барлық ауылдық округінде тұрғындармен бірге еріктілер, әскерилер және құтқарушылар жұмыс істейді. Бөгеттер салынуда, құм салынған қапшықтар дайындалуда. Мұнда барлығы 400-ден астам адам және 100-ден астам техника жұмылдырылған. Жергілікті ұйымдар мен еріктілер үлкен көмек көрсетеді.

«Еріктілер мен өз қалауымен көмекке келгендер өте көп. Кеше ғана Қанайға Қарағанды облысы, Кеңтүбек, Ақбұлақ және Достық ауылдарынан 120 ерікті келді. Артық күш жоқ, әрқайсысының үлесі маңызды», - деп қорытындылады белсенді Мария Пирог.
Естеріңізге сала кетейік, су тасқынының алғашқы күндерінен бастап «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының өкілдері өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, зардап шеккендерге көмек көрсетуде. Өз ресурстарын біріктіре отырып, Қордың барлық 7 қоғамдық қабылдау бөлмесі қиын өмірлік жағдайға тап болған тұрғындарға гуманитарлық жүктерді жинау және жеткізу, сондай-ақ еріктілерді үйлестіру міндеттерін қолға алды. Сонымен қатар қоғамдық қызметкерлер су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден келген қазақстандықтардың атына өздерінің бір күндік жалақыларын аударды.
2024-04-16 18:01