Новости КАЗ

Маңғыстаулық қоғам белсенділері Ақтау ТЖД құтқарушыларының шомылу маусымына дайындығын тексерді

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері суға шомылу маусымының басталуына орай жергілікті Жедел құтқару жасағының қызметін тексерді. Сондай-ақ арнайы құрылған мониторинг тобына Ақтау қаласындағы Адалдық алаңы ұйымы мен Antikor еріктілер жобасының мүшелері де кірді.

Мамандар бірлесіп, ТЖД «Жедел құтқару жасағы» РММ мекемесінің демалушыларды суға шомылу кезінде құтқару жұмыстарына дайындығын, жеке құрам және техникаларына бақылау жүргізді. Төтеншеліктер Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жаңадан сатып алынған қайықтар, үрмелі қайықтар, суға сүңгуір костюмдерін көрсетіп, құтқаруға қажетті жарақтардың жағдайымен таныстырды.

Сондай-ақ мониторинг тобы жасақ орналасқан ғимаратқа барып, мамандардың дайындық әдістерін де көріп қайтты. Сонымен қатар тексерушілер Каспий теңізінің жағасындағы биіктігі 15 метрге жететін бақылау мұнарасына көтерілді. Құтқарушылар жасақтағы қызметтік иттерін көрсетіп, жалпы материалдық базасына шолу жасады. Маңғыстаулық мониторинг тобы құтқарушылар шомылу маусымына сақадай сай дайын және барлық керек - жарақпен қамтылған деген қорытындыға келді.

Айта кетерлігі, «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Маңғыстау өңіріндегі белсенділері алдағы уақытта тағы бірқатар саладағы қызметтерді тексеруді жалғастырады.