Новости КАЗ

Қор белсенділері Қазақстанның батыс өңірлерінің еңбек ұжымдарымен және кәсіподақтарымен өзара іс-қимылды нығайтуға ниетті

Бүгін Ақтау қаласында «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Батыс өңірлік өкілдерінің кездесуі өтті. Іс-шараға Қордың Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы өкілдіктерінің жетекшілері, белсенділері мен жақтастары қатысты. Күн тәртібіндегі басты тақырып - Қордың аймақтағы өкілдіктерін дамытудың ортамерзімді кезеңге арналған басым бағыттары.

Қазір ел бойынша «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жақтастарының саны 3 000 жуықтады. Қоғам белсенділері өткен жарты жылда түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, көктемдегі алапат су тасқынының алдын алуға, зардабын жоюға күш қосты. Ақтаудағы кездесуге келген Қордың БҚО облысы бойынша өңірлік өкілдігінің жетекшісі Асыланбек Губашевтің айтуынша, әсіресе осындай қиын сәтте өңірдің, тұтас елдің белсенді азаматтарының басын біріктіре алған Қордың қажеттілігі сезілген.
«Жайық өңіріндегі алапат су тасқыны біздің Қордың жұмысына өзінің түзетуін енгізді. Су тасқынының алдын алуға, зардабын жоюға Қор белсенділері моральдық, материалдық қолдау көрсеті. Осындай қиын қыстау кезеңде елдің бірлігі және Қордың қажеттілігі анық сезілді. Бүгінгі кездесуге қатысушылар сол оқиғалардың ортасында жүрді. Мәселен, Дулат Жүсіпқалиев деген белсендіміз қала еріктілерін біріктіріп, оларды тәулік бойы бөгет салуға жұмылдырды. Айдар Гусманов өзінің шаруа қожалығының ауыр техникасын берді. Бөрлі ауданындағы Мария Пирогова еріктілерді ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, ақпараттық жұмысты жолға қойды. Өңір тұрғындары бізді қолдап отыр, сондықтан біз де қор өкілдерімен бірге қазақстандықтардың сенімін ақтауға тиіспіз», деді Асыланбек Зиннатұлы.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова ұйымның негізгі әлеуметтік бағдарлары басты құжат – Манифесте көрсетілгенін атап өтті. Олар: жұмысшылардың құқығын қорғау, ұлт байлығын бөлудегі әділдік, заң алдындағы теңдік, барлығына бірдей мүмкіндіктер мен әр азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу секілді әрбір қазақстандыққа құнды қағидаттар.
«Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақстанның батыс аймағында ірі мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған, мұнда жұмысшылар көп, олардың арасында шетелдік мамандар да бар. Бұл компаниялардың қызметі аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсер етпей қоймайды. Ірі кәсіпорын жұмысшыларының құқықтары қолданыстағы ұжымдық шарттармен қорғалатын болса, басқа сала мамандарының жағдайы әлдеқайда қиын. Осы орайда біздің Қордың қызметін еңбек адамының мүдделерін қорғауға бағыттау ерекше маңызға ие. Біз қоғам белсенділері ретінде әр еңбек адамының құқығын қорғауды өз алдымызға міндет қылып қойып отырмыз», - деді Дана Рысмұхамедова. Сол себепті де Қор өңірлерде қоғамдық қабылдауларын ашты, мұнда кәсіби заңгерлер азаматтарға еңбек құқықтарын қорғау бойынша кеңестер береді. Аймақтағы белсенділердің арқасында «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының алғашқы ауқымды жобасы – әлеуметтік мониторинг іске асты, ол әр облыстағы басты проблемаларды анықтауға мүмкіндік берді.

«Қоғам арасында шешім қабылдауға қатысқысы келетін азаматтар аз емес. Әлеуметтік мониторинг нәтижесі осыны көрсетіп отыр. Қазақстандықтар өмір сүру сапасын арттыруды, жол инфрақұрылымын жақсартуды, кәсіпорындардың қауіпсіз болғанын, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау орнатуды қолдайды. Проблемалар өте көп және біз оларды шешу үшін барынша күш салып, қажет болған жағдайда билік өкілдерімен өзара іс – әрекет етуіміз керек», - деді Қор директоры кездесу қатысушыларына.

Осы көктемде болған су тасқыны аймақтардың жағдайын едәуір қиындатты. Дана Рысмұхамедова Қор басшылығының атынан су тасқынына қарсы жұмыстарға белсенді атсалысып, зардап шеккендерге, құтқарушылар мен еріктілерге көмектескен белсенділерге ерекше алғыс білдірді.
Қалыптасқан жағдайға қарамастан, өңірлік өкілдіктер әлеуметтік жобаларды іске асыруда іркіліп қалып жатқан жоқ. Мамыр айында «Саналы ұлтқа-сапалы жол» атты қоғамдық мониторинг жобасы іске қосылған болатын. Қордың Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Азамат Мусилов көктемгі су тасқынынан кейін өңір жолдарының жай-күйін тексеруге кіріскен алғашқы белсенді болды. Мониторингтік топ республикалық маңызы бар «Қазтал – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» тасжолын арнайы жүріп өтті. Нәтижесінде, тасжолдың сапасы қойылған талаптарға сай келмейтінін анықтады. Мониторинг қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, жауапты мекемелерге жіберілді.
«Неге бұл жоба «Саналы ұлтқа-сапалы жол» деп аталды? Себебі, ұлттың өзі сана-сезімін көтермесе, талап етпесе, табандылық танытпаса ештеңе өзгермейтіні анық. Ұлттың өзі өз ойын, талабын мәдени түрде, нақты фактілермен жеткізетін болса, түбі оның үнін тыңдайтын жауапты тұлға табылады. Жол – туризмді, спортты, халықаралық қатынасты, экономиканы дамытады. Бүгінгі күні Қазақстанда жолға бөлінген ақшаның 45% жолға жетпейді. Мердігер бар-жоғы 55% жолды салып, жөндеуге мәжбүр. «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорымен бірлесіп жол саласында нәтижеге жетеріне сенім бар», - дейді белсенді.
Қордың Атырау облысы бойынша өңірлік өкілдігінің жетекшісі Алена Асамбаева аймақта Қор өкілдігі атқарып жатқан жұмыстың нәтижесі мен жоспарланған жобалары туралы айтып берді.

«ТЖ режимі кезінде біз халықпен кездесіп, біздің қолдайтын адамдарды жұмысқа тартуға тырыстық, әлеуметтік сауалнама жүргіздік, сондай-ақ су тасқынына қарсы күресті ұйымдастыруға белсенді атсалыстық. Біздің жақтастарымыздың қатарына қосыла алатын кәсіпорындардың қарапайым жұмысшылары және студенттермен танысу кездесулерін өткіздік. Біз жастардың белсенділік танытқанын қалаймыз. Алдағы уақытта олардың арасынан Қор белсенділерінің жас буынын құрғымыз келеді», - деп атап өтті Алена Асамбаева.

Жақын арада Қордың Атырау аймағындағы белсенділері еңбек адамының мүддесін бірлесіп қорғау үшін еңбек инспекциясы басқармасы және мұнай компанияларының кәсіподақтарымен меморандум жасаспақ.
«Әділдік және Өркендеу» Қорының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі Нұрбол Оқуов әсіресе, мұнай-газ саласы қызметкерлері арасында еңбек қақтығыстары жиі болатынын растады. Негізінен, жұмысшылар еңбек жағдайлары мен жалақы деңгейіне қанағаттанбай, наразылық білдереді. «Мысалы, «Қарақұдықмұнай» ЖШС қызметкерлері еңбек арбитражының шешіміне сілтеме жасай отырып, жалақыны 20%-ға көтеруді талап етті, бірақ жұмыс беруші бұл талапты бір мезгілде орындай алмайтынын жеткізіп, еңбекақыны кезең-кезеңмен көтеруді ұсынды, бұл жауап жұмысшылардың көңілінен шықпады. Яғни жұмысшылар мен жұмыс берушілер түрлі қаржылық және ұйымдастырушылық шектеулерге байланысты бір келісімге келе алмай отыр, бұл қақтығыстардың өршуіне әкеп соқтырады»,-дейді Нұрбола Қаржаубайұлы.

Сондай-ақ ол жұмысшылардың басым бөлігі өз құқықтарын білмей, салдарынан өз талаптарын орындата алмай жатқанын айтады. Ал, салалық кәсіподақтар тарапынан тиісті қолдау жоқ.

«Еңбек қатынастарын реттеу барысында, жұмысшылар кәсіподақтардың қауқары жоқ деп санайды. Себебі, кәсіподақтар ұжымдық шарттар жасасу кезінде қызметкерлердің мүддесін тиісінше қорғай алмайды. Мәселен, мүшелік жарналар есебінен әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқан жоқ, еңбек ұжымдары арасында кәсіподақтардың қызметі туралы ақпараттық жұмыс жүргізілмейді және де еңбек бірлестіктері жұмысшыларды толық қамти алмай отыр. Осыған байланысты, біздің Қордың қызметі еңбек адамдарының мәселелерін реттеуде шешуші рөл атқара алады», - деп есептейді Нұрбол Окуов.
Кездесу барысында Қор белсенділері Батыс өңірі бағытындағы жұмыстың негізгі бағыттарын талқылап, белгілеп алды. Ең алдымен қоғам белсенділері мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жолға қойып, өңірлердегі еңбек ұжымдары және кәсіподақтармен ынтымақтастық орнатуға ниетті. Бұған дейін мұндай кездесулерді Қор Шымкент пен Астана қаласында өткізген болатын. Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, орталық және шығыс аймақтарының белсенділері қатысқан кездесулерде Қордың ортамерзімді кезеңге арналған іс-қимыл жоспарын анықталды.
2024-06-29 20:35