Новости КАЗ

"Қорғалмаған күзет": Қорға хабарласқан шалқарлық жұмысшылардың базынасы

Ақтөбе облысы Шалқар қаласында «Кеңқияқ-Құмкөлде» күзетші болып жұмыс істеген тұрғындар «Әділдік және өркендеу» қорының көмегіне жүгінді. Қордың заңгері Самира Тайтенованың айтуынша, 2023 жылдың сәуірінен қарашасына дейін бес қызметкердің еңбек құқығы талай рет бұзылған.

«Басты проблема – еңбек келісім шартының жоқтығы. Сондай-ақ жұмыс берушілер қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайын жасамаған. Арнайы киіммен, тамақпен қамтамасыз етпеген. Еңбек кодексінің 127-бабына сәйкес, мереке күндері, үстеме жұмыс уақытына және экологиялық және радиациялық қауіп-қатер жоғары жағдайда жұмыс істегені үшін өтемақы төлеуді көздейтін нормалар бар. Жалақы төлеу кезінде бұл жайттар ескерілмеген», - дейді Самира Тайтенова.

Жұмысшалар бірінші кезекте ЖШС тіркелген жердегі еңбек инспекциясына жүгінген. Мемлекеттік инспектор тексеру жүргізіп, нәтижесінде түнгі, демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін тиісті сыйақы есептеу және төлеу туралы ұйғарым шығарылды. Алайда жұмысшылар бұл өтемақы мөлшерімен келіспей, құқықтарын сот арқылы қорғауға бел буған.

«Қордың көмегімен біз жұмыс уақытын есептеп, жұмыс киімін сатып алған шот-фактураны ұсынып, сотқа талапарыз дайындадық. Медеу аудандық соты тараптарды дауды медиация тәртібімен шешуге шақырды», - дейді заңгер.

Медиациялық кездесу нәтижесінде жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде әр қызметкерге 400 мың теңгеден төлеуге келісім берді. Ұсынылған шарттарды бес жұмысшының төртеуі қабылдады. Талапкерлердің бірі қордан құқықтық қолдау алып, әділдік іздеуді жалғастырады.

Жұмыс беруші еңбек құқығыңызды бұзса, жалақыны кешіктірсе, бізге хабарлаңыз. «Әділдік және өркендеу» қорының электронды поштасы adil.enbek@gmail.com немесе WhatsApp нөмірі +7 778 978 02 12.

Сондай-ақ өз міндеттерін орындамайтын жауапсыз жұмыс берушілерді білсеңіз, қордың Реестріне қоса аласыз. Былтыр 12 желтоқсанда қорымыз өзінің осындай жаңа бастамасын жариялаған болатын. Жосықсыз жұмыс берушілер тізімінің мақсаты – жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейту. Еңбек кодексін бұзу жайттарын жария ету.

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Бұл үшін Қор сайтында арнайы форманы толтыру керек.