Новости КАЗ

Жетісуда ауыз су тапшы

Жетісу өңірінде ауыз сусыз қиналып отырған елді мекендер бар

Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында 12 мыңнан астам халық тұрады. Мұнда «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары бойынша су құбырлары тартылған. Алайда таза су мәселесі шешіле қоймады. Күніне 5-6 рет құбыр жарылған кездер де болған. Ауыл тұрғындары ұзақ уақыт сусыз отыруға мәжбүр. Сол судың сапасы да көңіл көншітпейді. Сондықтан олардың көбі қазір су ақысын төлеуді тоқтатқан.

"Бізге ақша бөлінеді, бірақ бәрібір нәтиже жоқ. Күте тұрыңыздар, жаңа су құбырын салды дейді. Сосын бір жылдан кейін қайтадан құбырлар жарылғанын айтады. Біздің су шаруашылығы мекемесінде қосалқы бөлшектер, материалдар қоймасы жоқ. Ештеңе жоқ. Сондықтан қаладағыдай жөндеу бригадасы келіп, екі сағаттың ішінде апатты жөндеп бере алмайды. Су сапасыз болғандықтан, халық ақша төлегісі келмейді", – дейді Сарыөзек тұрғыны Римма Кондратенко.

Суға төлем жасамау мәселені одан сайын ушықтырып отыр. Өйткені су мекемесінің материал сатып алатын қаражаты жоқ, оған қоса қызметкерлерге төленбеген жалақы қарызы жиналып жатыр.

«Желілер әуел баста сапасыз жүргізілген. Күніне 5-6 рет құбыр жарылады. Қазір тағы да жөндеу жұмыстарын бастап жатырмыз. Жалақы бойынша қарызымыз бар. Әйтсе де, күні кеше жаңа инженерді жұмысқа алдық. Жағдай өзгереді деп сенеміз", –деп түсіндіреді «Күреңбел су» мекемесінің директоры Сағындық Метербай.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауыл ішінде желілерді тарту жоспары жасалған. «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Жетісудағы белсенділері қызметкерлердің біліктілігін арттырып, облыстағы басқа да сумен жабдықтау ұйымдарының мамандарымен семинар ұйымдастыруды ұсынды.
2024-08-08 09:00