Новости КАЗ

Қызылордада қор өкілдігі жанынан Тәлімгерлер клубы құрылды

Тәлімгерлер клубының құрамына зейнеткерлер мен зейнет жасына таяған мамандар енген. Олар арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен тәжірибе бөліседі. Бұл бастама аясында бес кездесу ұйымдастырылды. Бұл жолы тәлімгерлер И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжіне барды. Клуб қатарында теміржол, қоғамдық тамақтану, білім, медицина саласында қызмет еткен зейнеткерлер бар. 43 жыл бойы медбике болған Мария Жүсіппекқызы солардың бірі.

“Әділдік және өркендеу” қорының бұл бастамасына қуана қолдау білдірдім. Біз секілді еңбегінің зейнетін көріп отырған, 40 жылдан астам тәжірибесі бар мамандарды кәсіпорын, мекемелерге апарып, студенттерге білгенімізді үйретуге мүмкіндік беріп отыр. Осы клубтың арқасында жастардың өз мамандығына деген қызығушылығын арттыра аламыз. Кеңесімізді беруге әзірміз ”- дейді ол.

Қазіргі уақытта клубта Мария Жүсіппекқызымен бірге тағы 11 тәлімгер бар. Алдағы уақытта тәлімгерлер қатарын көбейту жоспарланып отыр. Клуб жұмысына қызығушылық танытушылар өтініш білдіріп, тәлімгер атана алады.