Новости КАЗ

«Әділдік құқығы» атты интернет-қабылдаудың алғашқы эфирі өтті

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының YouTube платформасындағы арнасында алғаш рет «Әділдік құқығы» атты интернет-қабылдауы өтті. Көрермендер азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңгерлік қолдау мен кеңестер алу мүмкіндігіне ие болды. Қабылдауды еңбек құқығы бойынша белгілі тәуелсіз құқық қорғаушы заңгер, заң ғылымдарының магистрі, Астана қаласының Заң консультанттары палатасының заңгері Аржан Сәдуақас өткізді. Бірінші эфир үстеме жұмыс уақыты мен жұмыстан босату кезіндегі еңбек даулары тақырыбына арналды.

Ең алдымен, сарапшы күн тәртібіндегі басты сауалдарға тоқталып, жұмыстан өз еркімен не себепті шығуға болмайтынын түсіндіріп өтті.

«Кез келген азаматты, жұмыскерді тек қана ол еңбек заңнамасын бұзса немесе сол жұмыс істеп жатқан мекемесінде ішкі ережені бұзған болса, тек сол кезде ғана, оны жұмыс беруші жұмыстан босатуға құқығы бар. Бірақ тәжірибеде, көбінесе, біздің азаматтарымызға жұмыс беруші жұмыстан өз еркімен шығуға ұсыныс береді. Жұмыс берушілермен қайшылықтар туындауы мүмкін немесе арадағы қатынас суып кетуі мүмкін. Сол кезде көбінесе жұмыс беруші жұмысшының өз өтініші бойынша шыққанын қалайды. Себебі, қызметкері өз еркімен жұмыстан шықса, онда жұмыс берушіге ешқандай да бір құқықтық залал келмеуі мүмкін. Құқықтық залал деп нені айтамыз? Мысалы, жұмыскер, егер де ол жұмыс берушінің жұмыстан шығарғанына келіспесе, онда ол кез келген уақытта сот арқылы немесе еңбек инспекциясы арқылы өзін жұмыста қалпына келтіре алады. Ал, егер де жұмыскер жұмыстан өз еркімен кетсе, ондай жағдайда, өкінішке қарай, жұмыскер болашақта қайтадан сол жұмыста қалпына келе алмайды. Сол себепті менің кеңесім: егер де жұмыс беруші өз еркімен кету туралы арыз жазып, жұмыстан шығуды сұраса, бірақ жұмыскер жұмысын жалғастырғысы келсе, онда арыз жазудың қажеті жоқ», - деді эфир барысында Аржан Сәдуақас.

Сондай-ақ заңгер үстеме жұмыс ұғымына түсініктеме беріп, азаматтарға қосымша жұмыс үшін жалақы төленбеген жағдайда не істеу керектігін айтты.

«Үстеме жұмыс – ол жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс уақытының белгіленген ұзақтығынан тыс орындайтын жұмысы. Сегіз сағаттан кейінгі жұмыс уақыты аяқталған соң, осының барлығы үстеме жұмыс болып саналады. Үстеме жұмысты тек жұмыскердің келісімімен ғана жасауға болады. Келісімді қағаз күйінде рәсімдеу қажет. Ауызша емес, міндетті түрде мекеме басшылығының бұйрығы шығарылады. Осы орайда біздің заңнамада жұмыскердің құқықтарын сақтайтын нормалар бар. Біріншіден, жұмыс беруші жұмыскерді қосымша жұмысқа тартқан болса, үстіне екі-ақ сағат қоса алады. Яғни, ол 10 сағат. Ал, аптасына үстеме жұмыс уақытының нормасы 12 сағаттан аспауы керек. Одан асса, жұмыскердің құқығы бұзылды деген сөз. Қосымша жұмысқа жалақы төленуі керек. Кейбір мекемелерде ол екі есе төленеді. Кемінде бір жарым есе. Қандай кезде жұмыс беруші жұмыскердің келісімінсіз оны жұмысқа шығара алады? Мысалға, төтенше жағдайлар туындаған кезде, теxногендік немесе төтенше жағдай, табиғи апаттар кезінде жұмыс беруші жұмыскердің келісімінсіз оны шығаруы мүмкін. Немесе құбыр жарылысы болып, ол азаматтардың қауіпсіздігіне әсер ететін болса, жұмыс беруші қызметкерді үстеме жұмысқа шақыра алады», - деп түйіндеді құқық қорғаушы.

Тікелей эфир барысында көрермендер сарапшыға өз сауалдарын жолдады. Азаматтарды ұстаздармен жыл сайын келісімшарт жасасу, келісімшарт бойынша жұмыс істеген кезде еңбек демалысына шығу, заңнаманы айналып, жұмысқа алу, қызметкерлерді жұмыстан қысым жасау арқылы шығару сынды түйіткілдер алаңдатты. Осы орайда, спикер тікелей эфирде келіп түскен сұрақтарға сол мезетте қысқа да нұсқа әрі нақты жауап беріп отырды. Барлығы эфир кезінде 30 сұрақ келіп түсті.

Мысалы, азаматтарды қызмет көрсету келісімшартымен жұмыс жасалған жағдайда еңбек демалысына шығу мәселесі жайында сауал келіп түскенде, мынадай жауап берілді:

«Қызмет көрсету келісімшарттары еңбек заңнамасымен реттелмейді, ол азаматтық құқық заңнамасымен реттеледі. Азаматтық кодексте көрсетілген нормаларға сәйкес, ол жерде сізге ешқандай демалыс күндері көрсетілмейді, егер де сіз де оны шартта көрсетпесеңіз».

«Әділдік құқығы» атты интернет-қабылдау жобасы Қазақстан азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Трансляция қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Айта кетерлігі, мұндай онлайн қабылдаулар мен тікелей трансляциялар тұрақты түрде өткізетін болады. Алаңда әрбір адам өзінің еңбек құқығын қорғауға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Мұнымен қоса, азаматтардың adildik.org.kz@gmail.com электронды мекенжайына өз сұрақтарын жіберіп, заңгерлік кеңестер алуына, еңбек құқығы тақырыбы бойынша өз бастамаларын ұсынуына мүмкіндік бар. «Әділдік құқығы» атты интернет-қабылдау тегін заңгерлік кеңес беру орны ғана емес, сондай-ақ ел азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауды жақсарту бойынша тәжірибе мен ұсыныстар алмасу алаңына айналатын болады.
Тікелей эфирдің толық жазбасын осы сілтеме https://www.youtube.com/@adildik_orkendeu/streams арқылы көруге болады.