Новости КАЗ

«Әділдік құқығы» интернет-қабылдауында су тасқынынан зардап шеккенде өтемақы алу процесі туралы ақпарат берілді

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының YouTube платформасындағы арнасында «Әділдік құқығы» интернет-қабылдауының кезекті эфирі өтті. Оны тәуелсіз құқық қорғаушы заңгер, заң ғылымдарының магистрі, Астана қаласының Заң консультанттары палатасының заңгері Аржан Сәдуақас жүргізді. Сарапшы табиғи апат кезінде жергілікті атқарушы органдардан келтірілген залал үшін төленетін өтемақыны алу жолдары жайлы баяндады.

Елімізде болып жатқан су тасқыны салдарынан мыңдаған адам мүліктік зардап шекті. Баспанасынан немесе ауыл шаруашылығы жануарларынан айырылған азаматтар аз емес. Енді олар жауапты ведомстволарға жүгініп, келтірілген залал сомасын өндіруге мәжбүр.

Заңгер Аржан Сәдуақастың айтуынша, материалдық шығынды ҚР Үкіметінің «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысының негізінде өндіруге болады.

«Су тасқыны сынды табиғи апаттар болған кезде өтемақы өндіріп алу тәртібі осы құжатта көрсетілген. Бұл өтемақыны тек төтенше жағдай жарияланған аймақтарда ғана алуға болады. Сол мезеттен бастап 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға барып немесе Е-өтініш қосымшасы арқылы өтініш-хат жазу керек. Арыздың үлгісін «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ YouTube платформасында қалдырамыз. Соны толтыру қажет»,-деді заңгер.

Өтініш-хатты толтырғаннан кейін, оған қосымша әр азамат өзінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жүктеу керек. Егер де құжаттар табиғи апат кезінде жоғалып кетсе, ішкі істер органдарына барып, уақытша жеке куәлік алуға болады.

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезеңнен бастап немесе төтенше жағдайды жою кезінен бастап жойылған мүліктің тізімі өтініш-хатқа қоса берілуі қажет. Яғни, зардап шеккен адам қандай мүлкінен айырылғанын жазып шығуы керек. Кейін арнайы комиссия мүшелері сол тізім бойынша мүлікті бағалап, қорытынды шығарады».

Ал, зардап шеккен тұлға өтініш-хатты өздігінен жібере алмағанда немесе ол кәмелетке толмаған болса, бұл міндетті сенімхат негізінде екінші тұлғаға жүктеуге рұқсат беріледі. Құжаттар тапсырылғаннан кейін жергілікті атқарушы органдар өтінішті 15 күн ішінде қарап, шешім қабылдайды.

«Әділдік құқығы» жобасы азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Трансляция қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Алаңда әрбір адам өзінің құқығын қорғауға қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Мұнымен қоса, азаматтардың adildik.org.kz@gmail.com электронды мекенжайға сұрақ жіберіп, заңгерлік кеңес алуға мүмкіндік бар.