Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ мен Азаматтық альянс қоғамдық келісімді нығайту үшін бірігеді

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенділері БҚО «Азаматтық альянсы» ЗТБ вице-президенті Әлия Салиевамен кездесіп, қоғамдық келісімді нығайту мен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саладағы негізгі бастамаларды қолдау үшін күштерін біріктіруге келісті.

Азаматтық альянстың вице-президенті Әлия Салиева Қордың басты құжаты-Манифест-Үндеуді толық қолдайтынын жеткізіп, қоғамдық пікір ынтымағының маңызын атап өтті.

«Негізінен үкіметтік емес ұйымдар әрқайсысы бөлек-бөлек өз бағыты бойынша жұмыс істейді. Осы орайда барлығын біріктіретін Қоғамдық қор уақытылы құрылды. Тез арада жиналып, бірыңғай мақсаттар мен міндеттерімізді айқындау қажет»,-деді Әлия Салиева.

Қор белсенділері еліміздің барлық өңірінде жұмысын бастап кеткен жаңа ұйымның қызметі, бағыты және алдына қойылған міндеттері жайлы баяндады. Бүгінгі таңда қолдауды қажет ететін бастамалар бар. Сол арқылы қоғам дамуына бірлесіп үлес қосу керек.
Белсенділер қазақстандықтарды елдің мықты, әділ және гүлденген болашағын құру үшін Манифестке онлайн қол қоя отырып, Қордың жұмысына қосылуға шақырады.