Бүгін «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Түркістан облысындағы өкілдігінде жас белсенділермен кездесу өтті. Қордың өңірдегі жетекшісі Әдемау Толысбаева қатысушыларды ұйымның бағдарламасы және негізгі мақсаттарымен таныстырып, бұған дейін атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
Кездесуде қоғам белсендісі, журналист Қайрат Кәрібаев өңірдегі экологиялық мәселелерді тілге тиек етті. Ал, жас белсенді Аяулым Әбдірахман МӘМС саласындағы олқылықтар тақырыбында сөз сөйледі. Ол Түркістандағы мемлекеттік емханаларда кейбір анализді алатын құрылғылардың жоқтығы мен ұзын-сонар кезектердің болуын, сондай-ақ МӘМС жарналарын төлеп жүрген азаматтар анализдерін жекеменшік емханаларда тапсыратынын хабарлады.
Журналист Шапағат Ғайбулла өңірдегі бірқатар жекеменшік мекеме еңбек заңнамасын жиі бұзатынын айтты. Ал, қарапайым жұмысшылар заң нормаларын білмегендіктен, еңбек шартын жасаспайды. Салдарынан олар өз жалақысын ала алмаған жағдайлар болды.
Жиын соңында жас белсенділер «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының бастамаларын қолдайтындығын жеткізіп, ұйым мүшелері қатарына қабылданды.