Новости КАЗ

Жұмысшы мамандықты игерген әйелдер құқығын қалай қорғауға болады?

Павлодар облысында 38 мың әйел қауіпті жағдайда еңбектенеді. Былтыр 25-і жарақат алып, бір әйел көз жұмды. Бұл мәселе кәсіподақтар бірлестігі алаңында талқыланды. Қордың өңірлік өкілдігі, мемлекеттік құрылымдар, кәсіподақтар мен медициналық сақтандыру қорының өкілдері өз ой пікірін ортаға салды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Динара Айтжанова бұл көрсеткіштер тек құқық қорғау ғана емес, нақты әрекет қажет екенін көрсетеді деп отыр.

«Қауіпті жағдайда жұмыс істеу көбінесе жарақат алуға, кейде өлімге әкеп соғады. Бұл процестің барлық қатысушысы үшін, яғни жұмыс берушілер, кәсіподақтар және мемлекет үшін маңызды белгі. Біз әйелдердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауға міндеттіміз», - деді Айтжанова.

Ал «Әділдік және өркендеу» қорының өкілі Гүлнара Исенова қыздар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл іске зауыт фабрикаларда еңбектенген әйелдер атсалыса алады.

«Жұмысшы мамандықтар беделді емес деген пікірді өзгерту керек. Бұл үшін зауыттарда табысты еңбек етіп, зейнетке шыққан білікті әйелдерді жастарға үлгі етуіміз қажет», - деді Исенова.

Жиынға қатысушылар кәсіподақтар, мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана өзгеріс жасау мүмкін деген түйінге келді.